KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
485.04 525.98 5.04

Риддерде қарттарға арналған «Coworking» орталық ашылды

2.05.2019, 05:01 117

Қариялар кітапхананың төр жағында алаңсыз шахмат ойнап, кітап оқып отыр. Зейнеткерлер үшін - таптырмас орын. Бұл «Coworking» орталығы былтыр Риддер қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының бастамасымен ашылыпты.

Орталық қариялар үшін ғана емес, қаланың барлық тұрғындарына арналған. Заман талабына қарай ғаламторға қосылған компьютерлер де жұмыс істеп тұр. Тіпті болмаса өз гаджетіңізбен келіп кітапхананың wi-fi желісіне тегін қосылуға рұқсат. Жалпы, тұрғындарға кітапхана ішінде орналасқан электрондық үкіметтің қызметін де пайдалануға да болады. Мысалы, еgov.kz арқылы 45 түрлі анықтаманың керегін шығарып ала аласыз. Техниканың тілін білмейтіндерге арнайы мамандар бағыт-бағдар көрсетіп, керек құжатты лезде шығарып береді. Халыққа қызмет көрсететін орталықтардағы сияқты иін тірескен кезек те жоқ мұнда.

Бұл жерге, әсіресе мектеп пен колледждің оқушылары жиі келеді. Оларға арналған интеллектуалды демалу бұрышы бар. Онда оқушылар көбінесе шығармашылықпен айналысады. Бірі бисерден әртүрлі бұйымдар тоқыса, енді бірі модульді өрнектеуді меңгеріп жүр. Тіпті шаш сәндеуді де үйренуге болады. Үйретері көп үйірменің оқушылары сайыстарға да қатысады екен. «Coworking» орталығы ашылғаннан бері кітапханада қырықтан астам әртүрлі шара өткізіліпті.

- Бұрындары бос уақытты қайда өткізерімізді білмейтінбіз. Енді міне, зейнеткерлерге осы орталықтың ашылғаны жақсы болды. Ауыл-ауылдан көшіп келген замандастармен жиналып шахмат, дойбы ойнаймыз, кітап оқимыз. Қыста жылы, жазда салқын, өте жайлы жер, - дейді зейнеткер Болат Жақыпов.

Дәл осындай орынның бірнешеуін Өскеменнен де ашып қойса игі болар еді. Бәлкім облыс орталығында бар да шығар. Бірақ оны қаладағы қариялардың дені білмеуі мүмкін. Әсіресе, Ушанов алаңы, Спорт сарайы маңында тұратын қарттарымыз күздің қара суығына, жаздың аптап ыстығына қарамай ауладағы ағаш үстелдің басында шахмат пен дойбы ойнап отырғанын жиі көріп жүрміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив