Зейнетақы мен жәрдемақы SMS арқылы тағайындалатын болды
Қазақстанда sms ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірқатары цифровизацияланады. Оның ішінде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау. Бұл туралы депутат Майра Айсина мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталған жаңалық жөнінде мәжілісте мемлекеттік қызмет көрсету мәселесі бойынша заң жобасына енгізілген өзгерістерді таныстыру кезінде айтылып отыр.
-Бүгінгі таңда проактивті қызметтерді ата-аналар бала туған кезде пилоттық режимде қолданып жүр. Себебі бала туғанда оған куәлік алып, балабақшаға кезекке тұрғызу керек, сондай-ақ, бала күтіміне арналған жәрдемақыға өтініш жазып, баланы мекен-жайы бойынша тіркету керек. Осы бес қызметке аз дегенде екі апта кетеді. Түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, көп құжаттар жинауға тура келетін. Қазір ата-аналар мұның барлығын проактивті қызмет арқылы алып отыр, ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарапайым sms-хабарлама арқылы олар бес қызметті үйде отырып алады, - деді Майра Айсина мәжілістің пленарлық отырысында.
Оның айтуынша, заң аясында пилоттық режимде мемлекеттік қызметтің 17 түрі проактивті болмақ.
-Аталған заң жобасының аясында зейнетқы, жәрдемақы тағайындауды, балаларды мектепке тіркету, тамақтану бойынша және тағы да басқа әлеуметтік саладағы қызметтерді енгізу жоспарланған. Басты мақсат – азаматтардың жағдайын, өмір сапасын жақсартып, уақыттарын үнемдеу, - деді депутат.