Өскеменде нанның бағасы 65 теңгеге түсті
Өскемен қалалық кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы сынды бірнеше бөлімінің басшылығы мен қала әкімінің орынбасары нанның күрт қымбаттауына қатысты дер кезінде шара қолданбағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Баршаға аян, облыс орталығында бірінші сортты нан 10 пайызға қымбаттап кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шаһар басшысы Жақсылық Омар нан бағасының қымбаттауы жауапты мамандардың дұрыс жұмыс істей алмауынан екенін айтады. "Жағдайда алдын ала болжап, кәсіпкерлермен келісуге болар еді" дейді ол.
Сонымен, бұл іске қатысты арнаулы жұмыс тобы құрылып, олар үш наубайханамен келісті. Енді әлеуметтік бағамен сауда сатылатын дүкендерге нан 65 теңгеден қойылатын болды.
Сондай-ақ қазір ұн тартушы акционерлік қоғамдармен ұнның бағасын тұрақтандыруға қатысты келіссөз жүргізілуде екен.