Досжан антқа деген адалдығымен қатарластарының алды болып жүр
«Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын» дейді ғой қазақ. Сондай «елім» деген ердің бірі – Отан алдындағы борышын Астанадағы «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінде өтеп жүрген жерлесіміз Досжан Секен. Ол өзінің үлгілі тәртібімен, жауынгерлік шеберлігімен, бойындағы қарым-қабілеті, білімі және антқа деген адалдығымен қатарластарының алды болып жүр.
Айта кетейік, «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімі – Қазақстан Республикасы Президентінің және бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін, маңызды мемлекеттік нысандардың күзетін жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы әскери құрылым. Мерзімді жауынгерлік қызметті бұл құрылымның қатарында атқару – сарбаздар үшін үлкен абырой, зор жауапкершілік. Аталған жеке құрамның қатарына еліміздің түкпір-түкпірінен денсаулығы мықты, мінез-құлқы мен жеке қасиеттері тұрғысынан жарамды деп танылған жастар таңдап алынады.
Аталмыш әскери бөлімнің командирі Бейбіт Өтеуовтің айтуынша, жармалық жауынгердің таңдаулылар арасынан жарқ етіп көрінуі оның отбасы мен мектебінде, өсіп-өнген ортасында алған білімі мен тәрбиесінің жемісі екені даусыз.
– Кезекті шақырылым кезінде үздік жастардың біздің құрылым қатарына таңдалып алынуы – сіздердің аймақтағы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тиянақты жұмысының, сондай-ақ талапты жасқа сапалы білім мен саналы тәрбие берген ата-анасының, оқу орнының сіңірген еңбегінің жемісі екенін де айта кету керек, – деп атап көрсеткен әскери бөлім басшысы жерлесіміздің жауынгерлік өмірге араласқан алғашқы күннен бастап өзін жақсы қырынан көрсете білгенін тілге тиек етеді.
Оның айтуынша, еліне деген патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білген Досжан Секен өзіне жүктелген міндеттерді атқару кезінде белсенді де жауапты азамат ретінде көзге түскен. Жауынгерлік, мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында да командирлерінен үйренген білімін қызмет барысында дұрыс қолдана білген. Жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым үздік бағаға орындап, өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактикалық-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін жетік меңгергендіктен, атыс даярлығында ұдайы биіктен көрінуде. Ол жауынгерлік кезекшілікте қырағылық танытып, әскери міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін бірнеше рет марапатталған екен.
Досжанның өзі туралы айтар болсақ, ол Жарма ауданы, Әуезов кентінде дүниеге келген. Бақыршық орта мектебінің түлегі. 2018 жылы Семей қаласының Геодезия және картография колледжін бітірген.
«Дидар» ақпарат