KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Әнет әскерде үздіктер қатарынан көрінуде

11.10.2017, 09:51 365

Әскери борышын ойдағыдай атқарып жүрген жерлестеріміздің бірі Әнет Матанов. Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің Астана қаласында орналасқан «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінде жауынгерлік міндетін өтеуде. Әскери бөлім – Қазақстан Республикасы Президентінің және бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін, маңызды мемлекеттік нысандардың күзетін жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы әскери құрылым.


Жуықта аталған әскери бөлім командирі Талғат Сәрсекеевтен облыс әкімдігіне Әнеттің атына жолданған ризашылық хаты келіп түсті.


Онда жас сарбаздың өзіне жүктелген жауынгерлік міндетін абыроймен ойдағыдай үздік атқарып жүргені айтылған.


«Мерзімді жауынгерлік қызметті бұл құрылымның қатарында атқару – сарбаздар үшін үлкен абырой, асқан жауапкершілік. Біздің жеке құрамның қатарына еліміздің түкпір-түкпірінен, әр облысынан денсаулық жағдайы, мінез-құлқы, жеке қасиеттері тұрғысынан үздік деп танылған жастар таңдалып алынады. Жауынгер Әнет Матановтың осы қатардан табылғаны – оның туған өлкесінде, отбасында және мектебінде, оқу орны мен еңбек ұжымында алған білімі мен тәрбиесінің жемісі деп білеміз. Кезекті шақырылым кезінде үздік жастардың біздің құрылым қатарына таңдалып алынуы – Сіздер басқарып отырған аймақтағы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тиянақты жұмысының нәтижесі екенін де айта кету керек. Сарбаздың жақсы жетістіктерге жету жолына үлес қосқан ата-анасы, жақындары, өскен ортасы, мектебі мен оқу орнының ұжымы, еңбек ұжымы да хабардар болуы тиіс деп санаймыз.


Сонымен қатар, болашақта мерзімді әскери қызметке шақырылуы тиіс жас ұрпақ өкілдерінің патриоттық сезімдерін оятып, абырой, міндет ұғымдарын санасына сіңіру үшін де үлгі-өнеге боларлық ақпаратпен бөлісу маңызды. Жерлес жауынгер туралы жақсы ақпараттың көпшілікке жетуі жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге, жасөспірімдерді болашақ Отан қорғаушылар ретінде тәрбиелеуге қосқан үлесіміз болар еді», - делінген хат мәтінінде.


Әнет Матанов – Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы Маяковский атындағы орта мектептің 2013 жылғы түлегі. Өскемен қаласындағы экономика-қаржы колледжін есеп және аудит мамандығы бойынша бітірді. Колледж өміріне белсене араласып, спортпен, оның ішінде бокспен шұғылданып, түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанды. Спорт шеберлігіне үміткер. Өскемендегі Қазақ-Американдық еркін университетіне сырттай оқуға түсіп, Көкпекті аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеп жүрген кезінде осы ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы әскер қатарына шақырылып, бүгінде «Айбын» Президенттік полкінде жауынгерлік борышын өтеуде.


Әнет әскер өмірінің алғашқы күндерінен-ақ, жауынгерлік өмірдің қыр-сырын үйренуге зор ынтамен кірісті. Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі бола білді. Өзіне жүктелген міндеттерді атқару кезінде белсенді, еңбекқор, жауапты азамат ретінде танылды. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында командирлерінен үйренген білімдерін қызмет барысында дұрыс қолдана біледі. Жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым ең үздік бағаға орындайды. Өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактика-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін жетік меңгергендіктен, атыс даярлығында үнемі үздік нәтижелер көрсетіп жүр.


Жауынгерлік кезекшілікте бірнеше рет қырағылық танытты.


Біз жақсы көрсеткіштерімен көзге түскен жауынгер жерлесімізді мақтан тұтамыз!


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив