Өскемен: жаңа қоқыс полигоны қандай болады?
Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөліміндегі мамандар қоқыс полигонының жобасы туралы айтты.
Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны облыс орталығынан 19 шақырым қашықтықта Ұлан ауданының аумағында салынады, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Құрылысты Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қаржыландырады. Дегенмен полигонның жобасы әлі әзірленбеген.
«Қазіргі уақытта ЕҚДБ жобалаумен айналысатын ұйымды анықтау үшін тендерлік рәсімдер жүргізіп жатыр», - дейді ТҮКШ бөлімінің мамандары.
Ведомствоның мәліметінше, тендер туралы ақпаратты 65 компания қараған. Оның ішінде Қытай, Түркия сынды шетелдердің де компаниялары бар көрінеді.
«Қалай болғанда да бұл жобаны халықаралық тәжірибесі мол ұйымдар жүзеге асырады», - дейді бөлімдегілер.
Жоба әлі әзірленбегенімен мамандар жаңа қоқыс полигоны қандай стандартпен салынатынын жақсы біледі.
«Полигон Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың талаптарына толық сай болады. Оған тек сұрыпталған қалдықтар қабылданады», - дейді ТҮКШ бөлімі.
Жаңа қоқыс полигонында фильтрат – ағынды суды жинау және өңдеу жүйесі болады. Оған қоса минералды қабаттан, жоғары қысымды полиэтилен пленкасынан, геотекстильден және қиыршық тастан жасалған дренаж қабатынан тұратын су өткізбейтін қабат болады. Сондай-ақ, кейбір қалдықтар жиналған кезде полигон биогазын жинау жоспарда бар.
«Полигон аумағында жапырақтар, шөптер, көкөністер сияқты биологиялық ыдырайтын қалдықтарды компосттау алаңы салынады. Алынған компостты абаттандыруға және полигонның қабатты жабынына пайдалануды ойластырып отырмыз», - дейді мамандар.
Жоғарыды айтқанымыздай, жоба Еуропалық қайта құру және даму банкі несиесі есебінен жүзеге асырылатындықтан, біз коммуналдық қызмет өкілдеріне қарыз қалай қайтарылады және бұл қоқыс тарифтеріне әсер етпей ме деген сұрақ қойдық.
ТҮКШ бөлімі былай жауап берді:
«ЕҚДБ несие қаражатын бөлу туралы шешім қабылдау сатысында техникалық-экономикалық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, әкетуге, сұрыптауға, қайта өңдеуге және тасымалдауға қолданыстағы тариф мөлшерінің жеткіліктілігін талдау үшін «Corporate Solutions» компаниясының халықаралық консультанттары тартылды. Олар зерттеу қорытындылары бойынша кредитті қайтарудың неғұрлым оңтайлы тетігін ұсынуға тиіс»
Бұған дейін де хабарланғандай, жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 2024 жылдың соңына дейін салынады.