ШҚО-да ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтті
Шығыс Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру рәсіміне қатысты.
Шығыс Қазақстан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып Шәкәрім Бұқтұғытов сайланды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– ҚР Президентінің 2023 жылғы 14 қаңтардағы сайлауды тағайындау туралы Жарлығына сәйкес бүгін өңірде ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтті. Сайлаушылардың бірлескен отырысы барысында дауыс беруге 122 депутат тіркелді. Олардың әрқайсысы дауыс беру кабинасында өз таңдауын жасады. Дауыс беруге кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, байқаушылар мен БАҚ өкілдері де қатысты, - деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алканова.
Шығыс Қазақстан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат болып Әшімов Ержан Жаңабайұлы, Буктугутов Шакарым Сабырұлы және Светаш Александр Александрович тіркелген еді.
– Бүгін барлық депутаттар өз кандидаттарын анықтады. Бұл рәсім еліміздің өркендеуі мен дамуындағы маңызды оқиға, – дейді Глубокое аудандық мәслихатының депутаты Қорлан Тугамбаева.
Сайлаушыларды тіркеу цифрландырылған форматта өткенін айта кетейік. Депутаттардың дауыс беруі үшін тіркелген деректер ҚР ОСК сайтында автоматты түрде көрсетілді.