Өскеменде атыс жаттығулары өтті
Фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі
Өскеменде бөлімшелердің жоспарлы атыс жаттығулары орындалды.
Қарулы Күштердің жауынгерлік жоспарына сәйкес Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімнің жеке құрамы мамандықтар бойынша сабақтары аяқталып, оқу-жаттығу полигонында бөлімшелер мен есептоптардың, экипаждардың жауынгерлік атыс сабақтары өтіп жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жаттығулар барысында ұрыс жүргізу тәсілдері пысықталады. Мұндағы негізгі мақсат - далалық жағдайда практика жүзінде орындайтын бұл тактикалық даярлық сабақтарында бөлімшелердегі жеке құрам шартты нысаналарды атып жою нормативтері мен ұрыстағы әртүрлі іс-қимылдарын орындау.
Сонымен қатар, бөлімшелер кез-келген жағдайда табанды қорғаныс ұрысын жүргізу және жоғары қарқынмен шабуылдау тәсілдері кезінде техникалар мен ұрыс машиналарынан атыс жүргізу арқылы жорық легін сақтау әдістерін үйренеді.
Далалық сабақ барысында мотоатқыштар батальонының бөлімшелері атыс алаңында ұйымдастырылған шартты жау шоғырына шабуылдау атыс жүйесін өткізіп, оқу барысында алған білімдерін, сондай-ақ ұрыстың әртүрлі іс-қимылдарын көрсетті.
Жоспарлы сабақ ауа райының кез-келген жағдайында бөлімшелердің жоғары психологиялық және дене төзімділігін шыңдауға, әскери қызметкерлердің біліктілігін артыруға бағытталған. Сондай-ақ, барлау топтары мен есептоптар әуедегі қарсыластың шабуылдары кезіндегі және залалсыздандырылмаған ауданды жүріп өтудегі қимылдарды да меңгерді.