ШҚО-да әскери бөлімде Балалар күні атап өтілді
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 27943 бөлімінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Іс-шараға әскери қызметшілердің отбасы шақырылды. Балалар ән шырқап, би билеп, танымдық ойындар мен спорттық эстафеталарға қатысты.
– Бүгінгі іс-шара жас ұрпақтың Отанға деген ыстық сезімін оятып, олардың нағыз патриот болуына ықпал етеді деген ойдамыз, – деді 27943 әскери бөлім командирі, полковник Азамат Әбікенов.
Шағын концертті тамашалаған балақайларға балмұздақ үлестірілді. Жалпы, бұл іс-шара әскери бөлімде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді және жыл өткен сайын мерекелік бағдарлама түрленіп келе жатқанын байқауға болады.
– Әскери қызметшілердің балалары үшін ұйымдастырылған бүгінгі мереке жоғарғы деңгейде өтті. Балаларға өте қызықты, барлығы ұнап жатыр. "Бала күлсе, бақыт құлағын түреді" дегендей, бүкіл мерекелік бағдарлама шаттық пен қуанышқа толы болды, – дейді Гүлмарал Нұрғисақызы есімді ана.
Әскери қызметшілер бұл күн балалардың жадында ұзақ уақытқа сақталады десті.