ШҚО-да тамыз кеңесі қашан болады?
Фото: freepik.com
25 тамызда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» деген атаумен білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі өтеді.
Тамыз кеңесі биыл жаңа форматта өтеді. Өңірлерге тақырыптық бағыттар бөлінген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әрбір өңірлік кеңесте Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде білім беру саласындағы 20 өзекті тақырыптық бағыт («бір өңір – бір бағыт») талқыланатын болады, озық педагогикалық тәжірибемен танысу қамтамасыз етіледі. Шығыс Қазақстан облысы үшін «Қосымша білім беру – балаларды тәрбиелеу және дамыту әлеуеті» тақырыптық алаңы анықталды.
Кеңестің бірінші күні біздің өңірде қосымша білім берудің негізгі бағыттары бойынша 10 секциялық отырыс жұмыс істейтін болады. Бағдарламада шеберлік сыныптары, практикалық сабақтар, көрмелер, презентациялар, тренингтер қарастырылған.
Бірыңғай республикалық пленарлық сессия өз жұмысын 25 тамызда Астанада 20 өңірді тікелей қосумен онлайн режимінде бастайды. Оған білім беру жүйесінің 12 мың қызметкері қатысады. Пленарлық сессияның отырысы Мемлекет басшысының құттықтауымен ашылады. Ресми бөлім аяқталғаннан кейін Республикалық бірыңғай пленарлық сессия өз жұмысын ШҚО әкімінің қатысуымен өңірлік тамыз кеңесінің пленарлық сессиясының отырысында жалғастырады.
Кеңесте педагог-практиктер, сарапшылар, білім және психология саласындағы мамандар сөз сөйлейді. Екі күн бойы панельдік және секциялық сессияларда педагогтар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім берудің, балалардың құқықтарын қорғаудың және білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылайтын болады.
Facebook, Instagram және YouTube әлеуметтік желілерінде министрліктің, облыстық білім басқармаларының және ведомстволық бағынысты ұйымдардың беттерінде пленарлық сессиялар көрсетіледі.
Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық келісім министрліктерінің, жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың, ЮНЕСКО, ҮЕҰ өкілдері, жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары мен басшылары, пікірталас қозғалысының, өзін-өзі басқарудың үйлестірушілері, ата-аналар қоғамы қатысады.
Тамыз кеңесі С.Аманжолов атындағы білім ордасының акті залында (Қазақстан көшесі, 55) сағат 9.00-12.00 аралығында болады.