KZ
Өскемен
переменная облачность жел 9 м/с, ОШ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Рамазан айының рухани қадірін сезініп жүрміз бе?

Фото: Нелли Петенева

Бүгін, 13:00 73 Гульжан Мусина

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, береке мен мейірімге толы қасиетті ай. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстап, жан дүниесін тазартып, иманын күшейтуге ұмтылады. Алайда, соңғы жылдары оразаның шынайы мәні ескерілмей, оны тек ішіп-жеуден тыйылу деп түсінетіндер көбейіп барады. Қасиетті айдың қадірін терең түсінудің маңыздылығы қандай? Бүгінде Рамазан қандай өзгерістерге ұшырауда? Осы және басқа да маңызды мәселелер жайлы Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Думан Нәдірұлы өз пікірін білдірді.

Оразаның мағынасы тереңде

Имамның айтуынша, Рамазан – тек таң атқаннан кеш батқанға дейін аш жүру ғана емес. Бұл ай нәпсіні тәрбиелеу, сабырды шыңдау, жүректі тазартып, Аллаға жақындау үшін берілген мүмкіндік.

«Бұл айда Алла Тағала мұсылмандарға ораза ұстауды парыз етті. Алайда, оразаның мәні тек аш жүруде ғана емес. Ол – нәпсіні тәрбиелеу, рухани кемелдену, сабыр мен шүкіршілікті арттыру, жүректі тазартып, Аллаға жақындау айы.

Өкінішке қарай, кейбір жамағат оразаның хикметіне терең үңілмей, оны тек тамақтан тыйылумен шектеп жатады. Шын мәнінде, ораза – тәннің ғана емес, ойдың, сөздің, іс-әрекеттің де тазаруы. Бұл айда көркем мінезділік танытып, жаман әдеттерден арылып, мүмкіндігінше көп сауап жинауымыз қажет. Рамазан – тек аштықты сезіну емес, жанашырлық пен мейірімділікті арттыру, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, кешірімді болу сияқты ізгі амалдармен мәнді болмақ», - дейді Думан Нәдірұлы.

Пітір садақаны қалай берген дұрыс?

Көпшілікті мазалайтын сұрақтардың бірі – пітір садақаны кімге берген дұрыс? Кейбір адамдар оны мешітке емес, тікелей мұқтаж отбасыларға беру керек деп санайды.

«Пітір садақаны мешітке беру немесе тікелей мұқтаж адамдарға үлестіру мәселесіне келсек, исламда садақаның ең маңызды қағидасы – оны шынайы ниетпен беру. Дегенмен, пітір садақаның белгілі бір тәртібі бар. Ислам ғұламалары оның ең лайықты алушылары ретінде жетімдер, жоқ-жітіктер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, қарызға батып, оны өтей алмай жүргендер, жолда қалған мұсылмандар және дін жолында қызмет етушілерді атаған.

Мешіттер арқылы пітір садақа беру – оның әділ бөлінуіне кепілдік береді. Себебі мешіт жамағаты қоғамдағы мұқтаж жандарды жақсырақ біледі және садақаны ең қажет еткен адамдарға жеткізуге көмектеседі. Егер кімде-кім пітір садақасын мешітке емес, өзі білетін мұқтаж адамға беруді қаласа, оның да сауабы бар. Алайда, мұнда садақа шын мұқтаж жанға жеткеніне көз жеткізу маңызды.Сондықтан, бастысы – садақаны ықыласпен беру, оның кімге және қалай жеткенін ойлап емес, Алланың разылығы үшін беру», - дейді бас имам.

Діни терминдерді қазақша қолдану қаншалықты маңызды?

Соңғы жылдары ауызашарды – ифтар, сәресені – сухур деп атау жиілеп кетті. Бұл – жаһандану ма, әлде ұлттық болмыстан алшақтау ма? Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, діни терминдерді қазақша қолдануға шақырды.

«Қазақ халқы сан ғасырлар бойы ислам дінін қабылдап, оны өз тілі мен дәстүрімен сабақтастыра білді. Бізде «ауызашар», «сәресі», «намаз», «ораза», «құрбандық» сияқты төл терминдер бар. Бұл атаулар – қазақы діни өмірдің ажырамас бөлігі. Дінді өз тілімізде жеткізу – әрі діни сауаттылықтың, әрі ұлттық сананың белгісі», – дейді имам. Сондай-ақ Думан Нәдірұлы өз ойын ары қарай былай жалғастырды.

«Бұл – жаһандану мен ақпараттық кеңістіктің әсері. Әлеуметтік желілер мен интернеттің дамуы нәтижесінде көптеген мұсылман елдерінің діни мәдениеті бізге де ықпал етіп жатыр. Кейбір адамдар бұл терминдерді түпнұсқа күйінде қолдануды дінге жақындық деп түсінеді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да бұл мәселеге қатысты пікірін білдіріп, діни ұғымдарды қазақша қолдануға шақырды. Өйткені тіл – ұлттың рухани тірегі, оның жойылмауына, ұрпақтан-ұрпаққа дұрыс жетуіне әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан дінді дұрыс түсініп, оны өз тілімізде жеткізу – әрі діни сауаттылықтың, әрі ұлттық сананың белгісі. Қазақша діни терминдерді қолдану арқылы біз исламды өз болмысымызбен ұштастыра отырып, дәстүрімізді сақтап қаламыз», - деді ол.

Ислам және отбасы құндылығы» жылы қандай өзгеріс әкеледі?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Оның аясында өңірде бірқатар шаралар ұйымдастырылмақ екенін Думан қажы айтып өтті.

«Өңірімізде 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялау аясында отбасы институтының маңыздылығын арттыру мен ұлттық және діни құндылықтарды жаңғырту мақсатында бірқатар жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз. Отбасылар мен жастарға арналған арнайы семинарлар,  дін сауаттылығын арттыру бойынша кездесулер ұйымдастырылатын болады. Бұл іс-шаралар арқылы отбасылық қарым-қатынастарды нығайту, тәрбиелік мәселелерді талқылау және исламдық отбасы құндылықтарын тереңірек меңгеру көзделуде.

Сондай-ақ біз жастар мешітке неке қиюға келген кезде, олардың үлкен жауапкершілік алатынын үнемі еске салып отырамыз. Неке – жай ғана рәсім емес, бұл – өмірлік аманат. Ер мен әйел бір-біріне адал болып, қиындықта да, қуанышта да бірге болуы керек. Отбасылық құндылықтарды сақтау арқылы ғана олар өз балаларына дұрыс тәрбие бере алады. Исламда берекелі отбасы – қоғамның негізі. Сондықтан жастарға некенің маңыздылығын түсіндіріп, оларды саналы түрде жанұя құруға шақыру – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы шаралар арқылы біз отбасы институтын күшейтіп, қоғамда ұлттық және діни құндылықтарды қайта жаңғыртуға атсалысуды мақсат етеміз», - деп атап өтті бас имам.

Имамдарға деген көзқарас неге өзгерді?

Қазіргі қоғамда имамдар мен дін қызметкерлеріне қатысты сын жиі айтылатын болды. Бұрын ел арасында құрметке ие болған молдаларға деген сенімнің әлсіреуіне не себеп?

«Біріншіден, қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы әр адамның ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік берді. Әлеуметтік желілерде кез келген мәселе тез таралып, кейде негізсіз айыптаулар мен жалған ақпараттар да көптеп тарап жатады. Өкінішке қарай, бұл дін қызметкерлеріне де қатысты болып отыр.

Екіншіден, қоғамда кейбір дін қызметкерлерінің теріс әрекеттері немесе дұрыс түсіндірмеуі халықтың көңілінде күмән туғызуы мүмкін. Алайда, бір-екі адамның кемшілігіне қарап, барша имамдар мен дін қызметкерлеріне қатысты теріс көзқарас қалыптастыру дұрыс емес. Имамдар – жұртты ізгілікке, татулыққа, адалдыққа шақырады.

Үшіншіден, кейбір адамдардың діни сауатының төмен болуы да бұл мәселеге әсер етуде. Дінді терең білмеген адам сыртқы ақпаратқа тез сеніп, манипуляцияға ұшырауы мүмкін. Сондықтан халықтың діни сауатын арттыру маңызды.

Төртіншіден, кейбір топтар мен сыртқы күштер қоғамда дінге қатысты сенімсіздік туғызғысы келеді. Өйткені дін – елдің рухани тұтастығын сақтайтын күштің бірі. Егер халық дін қызметкерлеріне сенімсіздік танытса, онда діни құндылықтар әлсірейді, бұл өз кезегінде қоғамға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан біз, имамдар, әрдайым халықпен тығыз байланыста болып, дұрыс насихат жүргізіп, исламның көркем мінезін өзіміздің ісімізбен көрсетуіміз керек. Ал халықтың саналы түрде ақпаратты сүзгіден өткізіп, кез келген теріс пікірге ермеуі маңызды. Дін – қоғамды біріктіретін құндылық, ал дін қызметкерлері осы жолда адал қызмет етуін жалғастыра береді», - деп атап өтті ШҚО бас имамы Думан Нәдірұлы.

Думан Нәдірұлы қасиетті айда өңір тұрғындарына айтар тілегіңіз бар шығар.

- Иә, Қуаныш өзіңеде көп рахмет. Бір жақсы сұхбат болған сияқты. Бағасын газеттің оқырмандары бере жатар. Қорыта айтқанда, Рамазан – өзімізді рухани тұрғыда тәрбиелеп, жүрегімізді тазартып, ізгі амалдар жасауға берілген мүмкіндік. Пітір садақа арқылы мұқтаж жандарға көмектесу – әрбір мұсылманның борышы. Діни ұғымдарды ана тілімізде қолдану – ұлттық болмысымызды сақтаудың кепілі. Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жастарға дұрыс тәрбие беру – қоғамның берік іргетасын қалаудың негізі. Ал дін қызметкерлерінің ең басты міндеті – халыққа дұрыс жол көрсетіп, бірлік пен татулықты нығайту. Сондықтан барша мұсылман жамағатын қасиетті айдың қадірін түсініп, ізгі амалдарға көбірек көңіл бөлуге шақырамыз. «Жаратушы иеміз ұстаған оразамызды, берген садақамызды қабыл етсін! Ел іргесі аман болсын! – деп дұға етті бас имам.

Салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу