KZ
Өскемен
+2°
переменная облачность жел 8 м/с, В
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Берекелі отбасы, адал кәсіп: ауыл келінінің жетістігі (видео)

Бүгін, 11:00 96 Жанаргүл Көкенайқызы

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Altainews.kz тілшісі Өскемен іргесіндегі Ново-Явленко ауылында тұратын Гүлнұр Қалиевамен тілдесіп қайтты. Бүгінде ол - кәсіптің көзін тауып, жолдасымен бірге алты баласын тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Онымен әңгімелесе келе, оның тек еңбекқор, пысық емес, жан дүниесі бай, рухани мықты жан екенін аңғардық.

Жаңалыққа құштар жан

Гүлнұр отбасылық өмірдің берекесін арттыру үшін қолынан келген істі дамытып, жаңа дүниелерді үйренуге құштар. Мал өсіріп, сүт өнімдерін өңдеп, күбі пісіп, құрт-май, ірімшік жасайды. Сонымен қатар көкөніс, жеміс-жидек өңдеп, шырын өндірісіне де ден қойған. Ұлттық өнерді ұлықтап, ою ойып, сырмақ басып, балалардың киімін өзі тігеді. Оның айтуынша, әр жаңа іс – оның шабыт көзі.

– Мен үшін жаңа кәсіп үйрену – демалыс. Қолөнерге немесе тағам өндірісіне кіріссем, күйбең тірліктен алшақтап, жанымды тыныштандырғандай боламын. Бұл – маған үлкен мотивация сыйлайды, - дейді мейман.

Шағын шаруашылықтан – отбасылық бизнеске

2021 жылы Гүлнұр көпбалалы ана ретінде мемлекеттік бағдарлама бойынша 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, сүтті бағыттағы бірнеше сиыр сатып алды. Ер азаматы Асхат екеуі малға жылы қора салып, қысқы жем-шөбін қамдап, кәсібін бастап кетті. Бүгінде отбасының мал шаруашылығы кеңейіп, 60 бас ірі қара бордақылануда.

Алайда ауылға жақын орналасқандықтан, жер тапшылығы оларды шектеп отыр.

– Ірі қара санын көбейтуге болатын еді, бірақ жайылым мен шабындық жер жоқ. Ауылымыздың қалаға жақын орналасқаны өнімдерді сатуға тиімді болғанымен, мал азығын дайындау қиынға соғады. Егер жер берілсе, жоңышқа, бидай егіп, жем-шөпті өзіміз өндіре алар едік. Сонымен қатар техника сатып алуға да қолдау қажет, – дейді Гүлнұр.

Берекелі әулеттің келіні

Гүлнұрдың енесі Қайша апа – көпбалалы ана. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты әже келініне дән риза.

– Бес келінім бар, Аллаға шүкір, бәрі де пысық. Гүлнұр – ибалы, еңбекқор, берекелі жан. Бұл тәрбиені өз анасынан алғаны көрініп тұр. Балалары да өнегелі, ақылды болып өсіп келеді, – дейді алтын алқалы ана.

Гүлнұр мен Асхаттың тұңғышы Жансұлу 11-сыныпта оқыса, кенжесі Томирис бір жаста. Ортаншы қыздары Әсел дзюдо мен еркін күрестен республикалық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Отбасының басты қағидаларының бірі – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Балалар «Мирас» даму орталығының «Ақсөре» клубында тәрбиеленіп, интеллектуалдық жарыстарға қатысады.

Табиғи шырын – жаңа кәсіп

Мал шаруашылығымен қатар, Гүлнұр енді табиғи шырын өндіру ісін қолға алмақ. Жуырда лицензия алып, мемлекеттік стандарттарға сай өндірісті бастауға дайындалуда.

– Бұл жай ғана шырын емес, денсаулыққа пайдалы емдік сусындар. Құрамында қант жоқ, тек табиғи жеміс-жидектерден дайындалады. Өндіріс көлемін арттыру үшін арнайы құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отырмын. «Бір ауыл – бір өнім» секілді мемлекеттік гранттарға қатысып, кәсібімді кеңейтуді көздеймін, – дейді кәсіпкер ана.

Бүгінде Гүлнұр өрік, таңқурай, шабдалы, алма, жүзім сияқты жемістерден табиғи шырын өндіреді. Хош иісті, қоспасыз өнімдері көпшіліктің сұранысына ие. Осындай еңбекқор келіннің қолынан шыққан табиғи өнімдер алдағы уақытта «Өскеменнің бренді» атанып, кеңінен танымал болады деп сенеміз.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу