Жұлдыз Әбдукәрімова: өнер деген - «жұмсақ» күш
Өнерімен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген танымал тележүргізуші, актриса Жұлдыз Әбдукәрімовамен таяуда сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сол сұхбатты оқырмандардың назарына ұсынамыз.
Әлемдік киноиндустрияның сұранысына қарасақ, қазір Голливуд киноларынан гөрі кәріс пен қытай дорамалары, жапон анимесі танымал. Олар әртістерін жеке брендке айналдыра білді. Танымал жұлдыздардың суреті басылған қағаздар, жастықтар, ойыншықтар лезде сатылып, әртістердің табысын еселеп жатыр. Біздің әртістер бизнеске әлсіз бе? Біздің өнер индустриясын қалай бағалайсыз?
Иә, дәл қазір солай, келісемін. Бірақ бұл құбылыс немесе жетістік бір күнде немесе бір ғана дораманың аяқ астынан танымал болуынан пайда болған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Оңтүстік Кореяның экономикалық жағдайы Солтүстік көршісіне қарағанда анағұрлым төмен болғанын білесіздер. Мемлекет басшылары, қателеспесем, 1990 жылдары бұл аграрлы мемлекетті озық технологиялар мекеніне айналдыруды мақсат етті де, осы бағытта түрлі реформалар жасады. Сол реформалардың ішінде ерекше назар аударылған сала – телевизия мен киноиндустрия. Әрине, әлемдік бум бір күнде келмейді, ол ұзақ әрі үздіксіз еңбекті қажет етеді. Бірақ бұл – “жұмсақ күш” деп аталатын ең мықты құрал еді.
2002 жылы әлем BTS-тің арқасында K-POP мәдениетін Олимп деңгейінде таныды. Одан кейін “Кальмар ойыны” атақты “Қағаз үйді” көлеңкесінде қалдырды. Неге? Өйткені азиялық колорит бар: мінсіз сұлу актерлер, шым-шытырман сюжет, көрерменді соңғы секундқа дейін беймәлім соңымен ұстап тұратын динамика. Бүгінде мәдениет саласы Оңтүстік Корея экономикасына жылына 10 миллиард доллар табыс әкеледі.
Жапония да анименің маркетингін өте шебер жасады. Бұл да – “жұмсақ күш”. Әлемге танымал аниме мен комикстер арқылы технологиялық тауарларының саудасын еселей түсуде. Себебі аниме кейіпкерлерінің қолданатын гаджеттерін әлемдегі әр бала алғысы келеді. Маркетологтардың айтуынша, ата-аналар балаларының қалағанын міндетті түрде сатып алуға тырысады.
Ал біздің елдегі жағдайды бұл екі алпауыт елмен салыстыру мүлде орынсыз. Себебі ол жақта әртістердің әлемдік деңгейде танымал болуына мемлекеттік деңгейде арнайы командалар жұмыс істейді және соған мүдделі. Ең мықты продюсерлер, маркетологтар ондаған жылдарға созылатын стратегия жасайды. Себебі бұл – түптеп келгенде мемлекеттің экономикасына қыруар қаржы әкелетін құрал.
Ал Қазақстанда театр әртісінің жалақысын білесіз бе? Айлығы шайлығына жетпей жүргенде бизнес туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Қайдан продюсер жалдай алсын? Әнші өз гонорарын айтса, оны да сынға алып жатамыз. Дегенмен киноиндустрия өз қарқынымен дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қателеспесем, 100-ден аса отандық фильм үлкен экранға шыққан. Оның 90%-ы коммерциялық, 10%-ы мемлекеттік тапсырыс. Өзін ақтап, табыс тауып, касса жинай алғандардың басым бөлігі – жеке түсірілген фильмдер. Бұл – даму емей немене?
Бір ескеретін жайт, мен дәл қазір сапа туралы айтып тұрған жоқпын. Тек статистика және қаражат жағын меңзеймін. Ал көрерменге ұсынылған бұл фильмдердің сапасы мен мазмұны – бұл мүлде бөлек тақырып. Биік өнер, мәдениет, кинодағы тіл тазалығы, терең ойлы көзқарас сияқты құндылықтарды ескеріп, оларды қатар алып жүру қиын болып тұр. Себебі тұтынушы нарыққа өз талабын қояды.
Қазақстандық өнер қашаннан бері санаттарға (тойшыл, октава иелері, сахна әртістері) бөлініп кетті?
Бұл сұрағыңызға әншілер жауап бергені дұрысырақ болар еді. Себебі біздің театр, кино әртістері тойға барып, ән салып, тамадалық етіп немесе КВН көрсетіп жүрген жоқ. Театр – өнердің саф таза түрі. Ондағы сахна – киелі.
Қазіргі кезде нарықтық экономика үстемдік етіп тұр ма, әлде биік өнер өз биігін сақтай алды ма?
Нарықтық экономиканы жек көрудің қажеті жоқ. Егер қабілеті болса, кез келген өнер адамы бизнеспен де, саудамен де айналыссын. Бірақ бір нәрсе анық: КВН көретін көрермен опера мен театрға келмейді. Сондықтан “биік өнер төмендеді” дегенмен келіспеймін. Тек әр көрерменнің өз талғамы мен сұранысы бар.
Бұрын театрларда көркемдік кеңес болған. Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, осындай кеңестер қажет деп ойлайсыз ба?
Менің тәжірибемде (мен барып жүрген) елдегі барлық театрда көркемдік кеңес бар. Бірақ мәселе басқа нәрседе. Мұндай кеңестерде…
Елдегі продюсерлік индустрия туралы ойыңыз қандай?
Бұл салада жастардың қарқыны қуантады. Мысалы, былтыр отандық киноиндустрияда екі аптада миллиард теңге жинап, рекорд орнатқан “Дәстүр” фильмінің жетістігі – продюсерлерінің дұрыс маркетингтік стратегиясының нәтижесі. Фильм прокатқа шықпай тұрып, қателеспесем, жарты жыл, тіпті 6–8 ай бұрын жарнамасы басталды.
Киноиндустрияның кемшіліктері бар ма? Театрда ше?
Әрине! Онсыз болмайды! Бұл сұрағыңызға толық жауап берер болсам, сіздерге “Дидардың” бірнеше санын маған арнау керек болады-ау…
Өңірлік театрлармен ынтымақтастық сізге не берді? Қаншалықты жиі облыстық театрлардың репертуарына қатысасыз?
Бұл менің ең маңызды шешімім әрі негізгі бағытым дер едім. Өзім ес білгелі осы саланы таңдадым, армандап оқыдым. Өңірлерге баруымның бірден-бір себебі – шалғай аймақтардағы көрерменге ойлы қойылымдар ұсыну, әріптестеріммен тәжірибе алмасу. Одан бөлек, аймақтағы театрдың, ұжымның, ғимараттың жағдайымен танысу. Аз да болса, даусымды билік өкілдеріне жеткізу.
Көрермен сізді көбіне театр сахнасынан көреді. “Арман: Когда ангелы спят” фильмінен кейін біраз үзіліс болды. Содан кейін “Робот әйел” және “Ажырасамын” фильмдеріне түстіңіз. Бұл үзілістің себебі неде? Алдағы уақытта сізді кинода көре аламыз ба?
Айтарлықтай себеп жоқ. Бір ескеретін жайт – “Ажырасамын” фильмі менің дипломдық жұмысым. Ол кезде оқып жүрген едім. Бұл туындыда өзім продюсер, актриса, директор болдым. Иә, әрине! Бұйыртса, келесі айда, яғни 13 наурыз күні “Дастан Медиа” ұсынатын “Онда біреуден туып ал!” фильмі көрерменге жол тартады. Басты рөлде – мен және Тәуекел Мүсілім. Келіңіздер, көріңіздер, пікір білдіріңіздер!
Сізді актриса, модель, тележүргізуші ретінде танимыз. Қайсысы сізге жақынырақ?
Бұл мамандықтар бір-бірінен алыс емес. Қолымнан келсе, тағы бірнеше саланы меңгергім келеді. Адам дамуды тоқтатқан сәтте үлкен қателікке жол береді деп ойлаймын. Ал мамандығым бойынша – театр актрисасымын.
“Сезін” атты прозалық кітабыңыздың авторысыз. Бұл кітапты жазуға не түрткі болды? Кітаптың сатылымы, оқырмандардың қызығушылығы күткендей болды ма? Алдағы уақытта тағы да кітап жазу жоспарыңыз бар ма?
“Сезін” қолыңызға түскен болса, бұл сұрақ туындамауы мүмкін еді. Бұл кітап – 26 жастағы Жұлдыздың ойы, түйгені, сезімі туралы. Коммерциялық жағынан алғанда, толық ақталған жоба. Әу баста мен одан қомақты табыс табуды мақсат етпедім. Бұл – өте сәтті аяқталған жобаларымның бірі. Алдағыны нақты білмеймін, бірақ өзім кітап әлемін қатты жақсы көремін. Сондықтан болашақта тағы да жазатыным анық.
Сізді көрермен блогер ретінде де жақсы таниды. Instagram-да 2,7 миллион оқырманыңыз бар. Блогерлік бағытыңыз қандай? Нақты мақсатыңыз бар ма, әлде жай ғана өміріңіздің әртүрлі сәттерімен бөлісесіз бе?
Келісе алмаймын. Егер блогер деген кім екенін, оның ережесін оқып алсаңыз, менің парақшамда блогерлікке тән бірде-бір материал жоқ екенін байқайсыз. Мен оқырманыма өз мамандығым туралы көбірек ақпарат беруге тырысамын. Негізгі мақсатым – театр көрерменін арттыру, өнерге шақыру. Сонымен қатар қоғамдағы кейбір мәселелерге, әсіресе бала тәрбиесі тақырыбына қатысты пікірімді білдіремін. Ал әлеуметтік желідегі парақшам – менің бизнес платформам. Бұл – менің табыс көзім, серіктестерімнің жарнамасын жүргізетін алаңым.
Хейтерлеріңіз көп пе? Оларға деген көзқарасыңыз қандай?
Азды-көпті оқырманым болғаннан кейін онсыз болмайды. Бұл – заңдылық. Әр адамның өз ойы, өз көзқарасы бар. Мен ешкіммен таласпаймын. Сондықтан хейтерлерге жұмсайтын менде уақыт та, энергия да, жүйке де, күш те жоқ. Біз бір-бірімізбен толық келісуге міндетті емеспіз.
Өскеменге жұмыс сапарымен келгеніңізді естідік. Қандай спектакльге дайындалып жатырсыздар?
Иә, бұйыртса, Шығыстағы көрерменмен облыстық театрда қауышамыз. Қазір Шыңғыс Айтматовтың әйгілі “Шынарым менің, шырайлым менің” повесін сахналап жатырмыз.
Шығыстағы көрермендеріңіз “Махаббат мұнарасы” спектаклін тамашалағысы келетіндерін айтты. Бұл қойылымды Өскемен сахнасына әкелу мүмкін бе?
Бұл сұрақ маған емес, Түркістан театрының басшылығына қойылғаны жөн. Себебі ол – менің жеке қойылымым емес. Түркістан театры мені басты рөлге арнайы шақырып, осы спектакльді сахналаған болатын.
Бүгінгі таңда қандай жобалармен айналысып жүрсіз?
Жыл басын осы киелі Шығыстағы театрдан бастап отырмын. Әрі қарай бәрі сәтті болар деген үміттемін…
Сізді көпшілік Қайрат Нұртастың жұбайы, Адайбековтер әулетінің келіні ретінде біледі. Ал Жұлдыз туып-өскен отбасы қандай? Қанша ағайындысыздар? Отбасыңыздағы тәрбие қандай еді?
Жеке өмірім жайлы сұрақтарға жауап бермеймін. Талғамы биік, ойлы оқырманға бұл сұрақтың жауабы аса қажет деп ойламаймын.