Қазақстанда ұялы байланыс операторларына 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды
Фото: Абзалбекова Анель
Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына 2023 жылдың қорытындысы бойынша байланыс қызметтерін сапасыз көрсеткені үшін 3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды.
Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы ведомство 782 тексеру жүргізіп, 3 млрд 288 млн теңге көлемінде айыппұл салған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл туралы Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ Министрлік 2020-2022 жылдар аралығында сапасыз байланыс үшін тексеру жүргізу және айыппұл салу статистикасын ұсынды.
Статистика бойынша, 2020 жылы министрлік 93 тексеру жүргізіп, 47,8 млн теңге көлемінде айыппұл салған.
2021 жылы жүргізілген тексерулер саны едәуір өскенін байқауға болады: жүргізілген 562 тексеру аясында жалпы сомасы 264 млн теңгеге айыппұл салынған.
2022 жылы Министрлік жүргізген тексерістер саны екі есеге өсіп, нәтижесінде ұялы байланыс операторларына 1,6 млрд теңге сомасына айыппұл салынған.
Жанаргүл Мұқатай