ШҚО-ның таулы аймақтарында көшкін қаупі сақталады
ШҚО ТЖД
Өңірде қар қалың жауды және таулы жерлерде желдің қарды үрлеп тастауына байланысты көшкін қаупі төніп тұр.
ШҚО ТЖД және "Қазселденқорғау" филиалының ШҚ мамандары бұл күндері таулы аймаққа шықпауды ескертеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
"Өскемен-Алтай" автожолында (58-66 км) қар массасының еріксіз түсуіне жол бермеу үшін бүгін жасанды түрде көшкін жүргізілді. Нәтижесінде 22300 текше метр қар түсті.
- Қар көшкінің қаупін қар жамылғысының сипатына қарай анықтауға болады. Егер жаңа жауған қар қабатының астында мұз боп қатқан қабат болса немесе керісінше, борпылдақ немесе ұсақталған қар түйіршіктерінен тұратын қабат болса, мұндай беткейден көшкін түсуі әбден мүмкін. Түнде қатып қалған қардан көшкін қаупі аз. Сонымен қатар, көлеңкелі беткейлерде күндіз-түні қар жиі борпылдақ болып қалады, сондықтан мұндай беткейлердің көшкін қаупі тәуліктің кез келген уақытында сақталады. Жағдайды жел де ушықтырады, - деп атап өтті "Қазселденқорғау" ШҚ филиалының басшысы Советбек Станбеков.
Таулы жерден өткенде сақ болған жөн. Қар көшкіні адамның шуы мен айқайынан да жүруі мүмкін.
Дауылды ескерту туралы ақпаратты "Дармен" мобильді қосымшасынан білуге болады.
Оқи отырыңыз