Қазақстандық боксшылардың қарсыластары белгілі болды
Бүгін Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан Әлемдік лицензиялық турнир басталады.
Кеше жеребе тарту рәсімі өтіп, боксшыларымыздың алғашқы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Бокс федерациясы ақпаратына сүйеніп.
Турнирге әлемнің 113 елінен барлығы 602 боксшы тіркелген. Олар тоғыз күн бойы Париж Олимпиадасының 49 жолдамасына таласады. Қазақстан намысын ерлер арасында 6, әйелдер арасында 5 боксшы қорғайды.
Сонымен қатар, қыздарымыз да Бусто-Арсициода айқасатын алғашқы қарсыластарын анықтады. 50 келідегі Алуа Балқыбекова бірден екінші кезеңге өтті. Ол гуатемалалық Айлин Джэймс пен чехиялық Клаудиа Тотова арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Жайна Шекербекова да құрбысы секілді бірінші кезеңді жекпе-жексіз өтті. Дегенмен оның қарсыласы анық. Нигериялық Шукура Кариммен кездеседі. Ал 60 келідегі Римма Волосенко шаршы алаңға ертең, яғни 3 наурыз күні шығады. Оның қарсыласы - Хаднас-Шах Тианна (Тринидад және Тобаго). Екінші айналымға айқассыз өткен 66 келідегі Наталья Богданова алғашқы жекпе-жегінде аргентиналық Соледад Лорена Бальбуэнамен жұдырықтасады. Ал 75 келідегі Валентина Хальзова екінші кезеңде түрік қызы Бусра Исилдар мен эквадорлық Инга Малдонадоның қай жеңгенін күтеді.
Естеріңізге сала кетейік, турнир 11 наурызға дейін жалғасады. Қазақстан боксшыларының еншісінде бүгінде Париж Олимпиадасының екі лицензиясы бар. Оларды ерлерден аса ауыр салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев пен қыздар арасында 57 келіде Карина Ибрагимова жеңіп алған.