Ақмола облысындағы ауылдарда жылқы қырылуда
ҚР АШМ
Мамай ауылында ауа райы қолайсыздығы мен жердің қатқақтығынан мың бас жылқы өлген.
Осы сынды жағдайлар тағы бірнеше ауылда тіркелді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР АШМ ақпаратына сүйеніп.
Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау жағдайын тексеру, жергілікті жердегі жем-шөп мәселесін зерделеу және шешу мақсатында қабылданған шаралардың атқарылу барысымен танысу үшін Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайыржан Байжанов, Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ілиясов және бірқатар сала мамандары аудандарға барды.
Мамандар аудандарды аралау барысында 13 бас малдың өлімін тіркеді. Жылқылардың қыс мезгілінде қырылуына иелерінің малдарды фермаларда ұстамауынан және қажетті мөлшерде жем-шөп дайындамай, ашығуы себеп болған.
Осыған байланысты тиісті шаралар қабылданды:
- Жеке қосалқы шаруашылықтардағы 73,5 мың бас жылқы қораға ауыстырылды;
- Күндізгі жайылымға тебіндеуге 71,8 мың бас жылқы жіберіледі (түнгі уақытта тиісті азықтандыруы бар қораларға айдалады);
- Облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Жедел штаб жұмыс істейді;
- Жергілікті жерлерде мал басын жеммен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады (шөп, сондай-ақ жемдік астық қосымша әкелінеді), кейіннен қолдағы малға жеткізілген жемшөп қалдықтарына ревизия жүргізіледі.