KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
485.11 523.82 5.02

Президент: «Елімізде кәсіби археологтар тапшы»

pexels.com

17.03.2024, 15:00 108 Назерке Каримова

Мемлекет басшысы археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек, - деді Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев. - Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде  шешімін таппаған түйткілдер бар. Cоның салдарынан Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады.


Мемлекет басшысы «қарақшы-археологтар» мәселесін де атап өтті. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды.

- Тіпті, еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық, - деді Президент. - Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет.  


Тарихи-мәдени мұра  санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейтіп, тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды екенін тілге тиек етті.

- Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек. Әртүрлі фракцияның өкілі әрі Құрылтай мүшесі саналатын Мәжіліс депутаттары бұл мәселені шешуге күш-жігерін салады деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив