KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 3 м/с, С
441.44 473.09 4.75

Тарбағатайлық еріктілер Атырауға көмек жөнелтті

17.04.2024, 14:48 74 Айна Ескенқызы

Су тасқыны болып жатқан аймақтарға ШҚО бойынша Зекет және қайырымдылық қоры, ШҚО волонтерлер фронт-офисі және Қазақстан халқы Ассамблеясы бар, үш жерде гуманитарлық көмек жиналып жатқаны белгілі.

Бүгін Тарбағатай халқының атынан қайырымдылық жүгі Халифа Алтай мешітіне жеткізіліп, ШҚО бойынша Зекет және қайырымдылық қорына табысталды. Тарбағатайлық еріктілердің бастамасымен жиналған екі тоннаға жуық бұзылмайтын азық-түлік, ұн өнімдері мен резеңке киімдер, төсек жабдықтары мен гигиеналық заттар Атырау облысына жөнелтілмек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Зекет және қайырымдылық қорының ШҚО бойынша өкілі Берік Кәдірұлының сөзіне қарағанда, шығысқазақстандықтар  топан судан зардап шеккендерге көмек көрсетуде белсенділік танытып отыр. Бірінші жолы жиналған  19 тонна жүк пен 1,5 миллион теңге қаражат Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына жеткізіліпті. 

– Енді Атырау облысына жинап жатырмыз. Қазіргі күнде жиналған көмектің ішінде бұзылмайтын азық-түлік, резеңке киімдер, жаңа киім-кешек, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек бар, барлығы он тонна көмек,  670 мың теңгедей қаражат жиналды. Бүгін, 17 сәуірде, түскі сағат үште гуманитарлық көмек жинауды тоқтатамыз. Қазір, міне, Тарбағатай ауданы мен Шемонайхадан гуманитарлық көмек келіп жетті. Одан басқа аймақтық энергетикалық компаниядан және тағы басқа жеке кәсіпкерлерден, қарапайым халықтан көмек әлі келіп жатыр. Ертең осы  гуманитарлық көмегімізді Атырау облысына теміржолмен жөнелтеміз, – деді Зекет және қайырымдылық қорының ШҚО бойынша өкілі Берік Кәдірұлы.

Тарбағатай аудандық мәдениет үйінің әншісі Дәурен Такиров пен осы істің басы-қасында жүрген Аманжол Мырзаханның айтуынша, Батыс өңірінде болып жатқан қарғын су тасқынынан зардап шегушілерге көмек көрсету туралы бастама көтеріп, үш күннің ішінде екі тонна азық-түлік және киім-кешек, басқа да қажетті заттарды жинап үлгеріпті. Жігіттер жолға таңғы төртте шығып, түске жақын Өскеменге жеткен.

– Біздің бастамамызға қолдау көрсеткен барша тарбағатайлықтарға, ақпараттық қолдау танытқан Тарбағатай аудандық жастар ресурстары орталығының еріктілеріне алғысымыз шексіз. Жерлестерімізге бейнеүндеу жариялап, көмек қолын созуды сұраған едік. Тарбағатайлықтар жұдырықтай жұмылып, үш күннің ішінде осыншама қайырымдылық жүгін жинап берді, – деді Дәурен Такиров.

Тарбағатай халқы азық-түлік, көкөніс, ұн өнімдерімен қоса мың данадан астам резеңке қапшық пен қолғап, резеңке киімдер мен басқа да қажетті бұйымдарды жинап беріпті.

– Осының барлығы қарапайым халықтың, ішінде  малшысы да,  тракторшысы да бар, жинап берген көмегі. Солардың аманатын табыстап отырмыз, мұқтаж жандарға жетеді деп сенеміз. Батысқа қиыр Шығысымыздан, Тарбағатай өңірінен көмегіміз. Барша тарбағатайлықтарға алғысымыз шексіз. Әлі де көмектесеміз. Тарбағатай халық қоры да қаражат жинап жатыр. Қомақты қаржы жинап, Орал, Солтүстік Қазақстан,  басқа да мұқтаж өңірлерге ақшалай көмектесуге тырысамыз. Батыстағы бауырларымызға сабыр берсін, ешқашан  мойымасын, қиын-қыстауда біргеміз, – деп қосты  Дәурен Такиров.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив