KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 5 м/с, З
480.63 535.13 5.27

Шығыста кинологтар сайысқа түсті

26.08.2024, 15:52 97 Айжанат Бақытқызы

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кинологтары арасында  көпсайыс өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі Бағдат Амангелдінің айтуынша, алты кезеңнен тұратын  сайысқа 7 әскери бөлімнің ең мықты кинолог-мамандары қызметтік іздестіру иттерімен қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Дәстүрге айналған дода бұл жолы Өскемендегі түзеу мекемелерін күзететін 6699 әскери бөлімі аумағында ұйымдастырылды.

Өскемен, Семей, Павлодар, Курчатов қалаларынан келген  сайысқа қатысушылар көптеген сынақтардан сүрінбей өтті. Сайыс талаптары бойынша  кинолог итімен спорт залда, автокөлік пен жүк көліктерінде жасырынған есірткі, қару, жарылғыш заттарды дәл табуы тиіс.

«Бұл сайыс кинолог мамандардың кәсіби шеберліктерін, иттердің дайындығын анықтау мақсатында өткізіледі. Жыл сайын біз әр облысты таңдаймыз. Жарыс бес күн болады. Онда адамды тінту, есірткі заттарды іздеу, жарылғыш заттарды іздеу және жеке кинологтың дайындығы тексеріледі»,-дейді Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кинология қызметінің бастығы Алтынсары Ажыбаев.

Қызметтік иттер кинологтардың әріптесі ғана емес өмірлік серігіне айналған.

«Мен итімді  кішкентай күшік кезінен асырағанмын. Былтыр әскерге  алып келдік. Бұл ит із кесуші. Іздестіру бойынша қызметтік иттер арасындағы ең үздігі. Осы жолы жарысқа келіп отырмыз. Енді көреміз бұйырғанын»,-дейді Курчатов қаласынан келген 3514 әскери бөлімінің кинологы Мәулен Қайырбеков.

Ал 3477 әскери бөлімінен келген Мерхат Қасымхановтың «Шара» есімді қызметтік иті жарылғыш заттарды іздеуге машықтанған. Ол осыған дейін бірқатар сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

«Жарылғыш заттарды іздеу бойынша 27 ережені орындап шықтық. Итіме өте ризамын. Жақсы нәтиже көрсетті. Бұл итпен жаттыққалы төрт жыл болды. Төрт жыл ішінде екі рет жүлделі болдық. Біріншісі Курчатов қаласында жарылғыш заттарды іздеу бойынша сайыста және былтыр Павлодар қаласында екінші орынды иелендім», -дейді Өскемендегі мемлекеттік маңызды нысандарды күзететін 3477 әскери бөлімінің  кинология қызметі мамандар тобының бөлімше бастығы Мерхат Қасымханов.

Сайыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте   семейлік 5511 әскери бөлімінің кинолог мамандары бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Курчатов қаласынан келген 3514 әскери бөлімінің кинологтары, ал Өскемендік 5518 әскери бөлімінің кинологтары жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив