Жаңа қаулы. ШҚО-да карантин күшейтіледі
17 қазан - 31 қазан аралығында карантин күшейтіледі. Өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Гуляим Тағаева да қаулыға қол қойды.
Адам көп жиналатын, отбасылық шараларды өткізуге, аудандар мен облыс ішіндегі қалалар арасындағы автобустар қатынауына салынған тыйым сақталады.
ШҚО Бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Г.Тағаеваның коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын күшейту туралы қаулысында Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларының және облыс аудандарының периметрі бойынша шектеу шараларының шекарасын сақтау қажеттігі айтылған.
«Жұмыс күндері (дүйсенбіден жұмаға дейін) тұрғындар арасында маска кию режимі мен әлеуметтік арақашықтық сақталып, демалыс (сенбі, жексенбі) және мереке күндері бей-берекет көшеге шығу шектеледі. Демалыс орындарына жеке немесе бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан артық баруға болмайды», - делінген құжатта.
Ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, митингілерді, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, отбасылық салтанатты, еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойы, мерейтой, ас беру) және басқа да бұқаралық шараларды өткізуге, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және т. б.), кинотеатрлардың (ашық ауадағы кинотеатрларды қоспағанда), букмекерлік кеңселердің жұмысына тыйым салынған. Облыс ішінде қатынайтын автобустардың қозғалысына әлі де рұқсат берілмеді.
«Күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді, маска кию және әлеуметтік қашықтықты сақтаған кезде және тиісті дайындық актілерін алғаннан кейін медициналық орталықтар, стоматологиялар (жазылу бойынша), автожуу орындары, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу станциялары, тұрмыстық техниканы жөндеу объектілері, химиялық тазалау, кір жуу және халыққа қызмет көрсету бойынша басқа да объектілер, бизнес-орталықтары (сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариус, бухгалтер, консалтинг қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары және т. б.); фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтары, тренажер залдары, спорт кешендері, СПА орталықтары/салондары (толтырылуы 30% - дан аспайтын, бірақ 50 адамнан артық емес, алдын ала жазылу бойынша) жұмысын жалғастыра алады», - делінген қаулыда.