KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 3,4 м/с, З
439.4 473.54 4.76

«Ерекше» балалар сыйлыққа нетбуктар мен тәттілер алды

24.12.2018, 06:18 119

Жаңа жыл – қуанышқа толы ең ғажайып мереке. Аяз Ата мен Ақшақар, аққала Олаф, Йети және балалардың басқа да сүйікті кейіпкерлерінің қатысуымен өткен жаңажылдық ертегі ерекше білім беруді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балдырғандардың есінде ұзаққа дейін сақталары сөзсіз.


Жексенбі күні «Ертіс концерт» мәдениет үйіндегі жаңажылдық шыршаға өңір мектептерінде инклюзивті білім алып жүрген, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 150 бала жиналды. Дәстүрлі мереке аймақ басшысы Даниал Ахметовтың және мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

– Бәріміз келе жатқан жаңа жылдан жарқын ертегі, жаңа бақыт күтеміз. Әсіресе балалар ерекше сыйлық күтеді. Сондықтан биылғы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларды қуантып, оларға тек мерекелік көңіл-күй ғана емес, сонымен бірге білім алуларына қажетті нетбук сыйлағанды жөн көрдік,– деді балаларды құттықтауға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. – «Ерекше» балалардың тізімі өңіріміздегі қалалық және аудандық білім бөлімдерінің тапсырысы негізінде алдын-ала жасалды. Жаңа жыл елімізге тек қана бақыт, қуаныш акелсін.

Қазір облыста ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 15 мыңнан асады.

– Аталған санаттағы балаларды қолдауға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіліп, мақсатты жұмыстар жүргізілуде,– дейді облыстағы білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова. – Ең бастысы - өз қатарластарымен бірге білім алу, араласып-сырласу оларға қуаныш сыйлайды, дамуына ықпал етеді.

Аяз ата мен Ақшақардан нетбуктар мен тәтті сыйлықтар алып, өнерпаздардың концертін тамашалап, қызықты байқауларға қатысқан балдырғандардың қуанышында шек болмады.

– Бүгінгі сиқырлы әрі таңғажайып шырша мерекесін ұйымдастырушыларға мың алғыс, – дейді Аягөз ауданындағы Бозтаев мектебінің төртінші сынып оқушысы Гүлмира Аманғазинаның анасы Жазира. – Арайлап атқан әр таңымыз шуағын шашып, елімізде бейбітшілік болсын. Балдырғандарға денсаулық тілеймін!

Бесқарағай ауданындағы әзербайжан этномәдени бірлестігінің басшысы Айнура Байрамова аудан мектептерінде инклюзивті білім алып жүрген бес баланы алып келген. Биыл бірінші сыныпқа барған Аслан мен Бақтияр Қалқаманов, Ұлан ауданындағы Мәрсеков мектебінің оқушысы Темірлан күтпеген бағалы сыйлықтар үшін алғыстарын білдірді.

Жаңажылдық шыршада маскарад киімін кимегендер кем де кем болды. Робот-трансформерлер мен Смурфик, қар Барысы мен Ниндзя-тасбақа, Лунтик пен Миньон жасыл шыршаны айналып, қуаныш пен достық мерекесін бірге тойлады. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» киімін киген зайсандық озат оқушы, он жасар Қанаттың жаңажылдық образы сәтті шығыпты.

Балалар қорбаңбай Аю мен Машаның және қазақ қызы Мәликаның көмегімен қызықты ойындар ойнап, ортаға шығып билеп, көңілдерін сергітті.

Мереке соңында жүздері бал-бұл жанған балалар сүйікті мультфильм кейіпкерлерімен бірге естелік суретке түсті. Алда келе жатқан жаңа жылда балдырғандардың аппақ қардай тілегі орындала берсін деп тілейік!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив