KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
481.84 531.33 5.07

Ертегілер еліне барып қайтты

3.01.2012, 18:00 231


Бір бала қуанса, бүкіл әлем шаттанады... Ал жүздеген баланың жанарындағы қуаныш сәулесі бүкіл әлемді шаттықтың шаңырағына айналдырып жібергендей әсерге бөлейді екен. Балаға қуаныш сыйлай білу де ұлы іс шығар. Кеше бұл дүниеге кем болып келсе де, шын көңілмен шаттана алатын балалар қуанды, жаутаң көз жетімектер қамқорлыққа бөленді...

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті жыл сайын аз қамтылған отбасы балаларына арналған дәстүрлі жаңажылдық шырша мерекесін өткізеді. Биыл да сол дәстүрден айнымай осымен төртінші рет балаларға шаттық сыйлау мақсатында оларды ертегілер еліне саяхаттатты. Балаларды жаңажылдық мерекемен құттықтай келген облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев ең басты мақсат – балаларға қуаныш сыйлау екендігін атап өтті.

– Құрметті балалар, сендерге шын жүректен дендеріңе саулық, жақсы көңіл күй тілеймін. Бүгінгі мереке тек сендер үшін, сендердің қуанышта-рың үшін ұйымдастырылып отыр. Өмірлеріңде осындай мерекелер көп болсын, – деді облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев.

«Бала айдаһар достарын қалай тапты» тақырыбымен ұйымдастырыл-ған шыршаның мазмұны ізгілікке негізделген, жақсылық әрқашан жамандықты жеңеді деген идеяға құрылған. Ертегілер еліндегідей безендірілген залда сымбатты шыршамен қатар Қазақстанның символына айналған Бәйтерек, Бейбітшілік сарайы, Ақ орда бейнелері де орын алған. Сахнада – қазақтың Һас батыры мен ақжаулықты анасы. Олар адамзатқа жылуын себезгілетіп тұрған күнді жеп қоюды көздеген бала айдаһарды райынан қайтару үшін жақсылықты, мейірімділікті дәріптейді.

Бала айдаһарды жаман пиғылдан арылтуға жаңажылдық шыршаға жиналған түрлі аң мен құстар, көбелектер мен періштелер, тіпті Бэтман мен Спанч Боб та, хор қыздары да жиналыпты. Олар мың бұралып би билеп, шаттана ән шырқап, бала айдаһарды райынан қайтарды. Әрі ізгі ниетті болу сондай керемет екендігін түсінген айдаһар да өзіне бұл шыршадан көп достар тауып қайтты.

Жаңажылдық шыршаға жиналған балаларды көп күттірмей Аяз ата мен Ақшақар да келді. Өз өнерлерін аянбай ортаға салған балалар Аяз атаның дорбасындағы сыйлықтарға кенелді.

Балалардың құқықтарын қорғау департаменті ұйымдастырған бұл ме-рекелік шыршаға Өскемен қаласының №21 қосымша мектебі мен «Үлбі» медициналық-әлеуметтік орталығы, Өскемен қаласының тірек-қозғалыс аппаратында кемшілігі бар балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған облыстық мектеп-интернатынан 150 бала қатысты.

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім бастығы Тұрсынхан Угланованың айтуынша, облысымыздың «Қазцинк», «Казнатурпродукт», «Кседа» сияқты кәсіпорындары жыл сайын балаларға сыйлық жасап, демеушілік көрсетеді. Биыл да аталмыш кәсіпорын тарапынан үлкен көмек көрсетілді.
Жаңа жыл сыйлықсыз болмайтыны аян. Шырша соңында мерекеге қатысушы барлық бала жаңажылдық сыйлыққа ие болды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив