Сот шығындарын дәлелсіз төлеткізуге болмайды
Процестік шығындар сомасын өндіру мәселесі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өткен семинар-кеңесте қаралды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оған сот өкілдері Қуаныш Забенов, Нұргүл Жақсыбекова, сот-медициналық сарапшы Сайлаухан Ожаров, Өскемен прокуратурасының өкілі Индира Қабдуллина қатысты.
Семинарда осы жылдың 29 маусымындағы «Қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіру туралы» Жоғарғы сот қаулысының тармақтары талқыланды. Қатысушылар қылмыстық істі қарау барысында өткізілген сот-сараптамалық зерттеулер нәтижелері бойынша тиісті есепті талап ету, сондай-ақ сотталғандардан қосымша сот шығындарын дәлелсіз өндіріп алуға жол бермеу мәселелерін көтерді.
Төраға Бердіғали Кәсенов айыптау актісінде сарапшылардың төлемақысын, әлеуметтік салықтары мен аударуларын, сондай-ақ үстеме шығындарын шығара отырып, төлемді тек сараптама жүргізу кезінде жұмсалған шығынға байланысты ғана көрсету қажеттігіне баса назар аударды деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Семинар қорытындысы бойынша қазіргі заңнамаға сәйкес сотталғандардан процессуалды шығындарды дәлелдейтін ұсынылған құжаттарды тергеп тексеру және дәлелсіз өндіріп алуға жол бермеу судьялардың міндетіне жататыны туралы шешім қабылданды.