АҚШ пен ШҚО сауда-экономикалық байланысты нығайтады
Америка құрама штаттары Шығыс Қазақстан облысымен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі. Бұл жөнінде бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Линг Теодор облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесу барысында мәлім етті деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кездесу барысында облыс басшысы Шығыс жеріне алғаш қадам басып тұрған Линг Теодор мен елшіліктің кеңесшісі Бартер Закариге аймақтың экономикалық әлеуеті, табиғат байлықтары туралы айтып берді.
Өз кезегінде елшілік өкілі де Шығыс өңіріне алғашқы сапары туралы жылы лебізін білдірді.
[caption id="attachment_46000" align="aligncenter" width="1000"] Линг Теодор[/caption]
- Қазақстанға сапарымды алғаш Өскемен қаласынан бастауды құп көрдім. Өйткені екі ел арасындағы сауда-экономикалық және білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықта осы өңірдің атқаратын маңызы зор. Кеше СПИД орталығында болып, оның жұмысымен таныстық. Алдағы уақытта осы бағыттағы күресті бірге жалғастыруға ниеттіміз. Сондай-ақ, Қазақстандағы үштілділікті дамыту бағдарламасына үлес қосып жатқандығымыз бізді қуантады,-дейді Линг Теодор.
Линг Теодор осы екі күннің ішінде Өскемен қаласына бауыр басып қалғанын айтты. «Қай жерге бармасам да, адамдар бізді жақсы қарсы алды. Өскемен қаласынан естелік ретінде, оның бренді Торпедо командасының формасын да сатып алдым» дейді елшілік өкілі.