Биыл ШҚО-да жол-көлік оқиғаларында 120 адам көз жұмған
1170 адам түрлі жарақаттар алған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаевтың айтуынша, биыл өңірде 920 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 120 адам көз жұмған. 1170 адам түрлі жарақаттар алған.
– Жол апаттарының саны мен жарақат алғандар сәйкесінше, 9 және 11 пайызға төмендесе, өкінішке орай жол апаты салдарынан қаза тапқандар саны 13%-ға артқан. Биылғы он айда жол қауіпсіздігі бойынша 195 мың бұзушылық анықталып, оның ішінде жылдамдықты арттырған 33 мың жүргізуші анықталды. 2700 мас жүргізуші ұсталды. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 4 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылды, - деді Жанарбек Бақтыбаев.
Атап өтсек, есепті кезеңде 270 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, айыппұлдар бойынша облыс бюджетіне 1 млрд. 300 млн теңге қаржы түскен.
Сондықтан облыстың полицейлері қазіргідей көктайғақты, қарлы-боранды құбылмалы ауа райы жағдайында жол үстінде барынша көлік тізгінінде барынша абай болуға шақырады.