KZ
Өскемен
+18°
переменная облачность жел 1 м/с, С
478.89 528.74 5.29

Бақытжан Сағынтаев ШҚО-дағы алтын өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты

10.10.2018, 09:42 217

Шығыс Қазақстанға ресми сапарымен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Жарма ауданындағы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында болып, биыл іске қосылған фабриканың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Айта кетейік, аталмыш фабрика бүгінде еліміздегі алтын өндірумен айналысатын ең ірі кәсіпорындардың бірінен саналады. Кен орнын игеруге 2014 жылы Ресейдің «Полиметалл» компаниясы инвестор ретінде тартылған болатын. Төрт жылдың ішінде Бақыршықтың алтынын игеру жобасы әзірленіп, кәспорын цехтары мен жұмысшылар қалашығы бой көтерді.


Өндіріс орнының директоры Юрий Овчинниковтың айтуынша, Бақыршық кені құрылымы жөнінен аса күрделі түзілім саналады. Бүгінде мұнда жылына екі миллион тонна кен игеруге мүмкіндік беретін тау-кен байыту кешенінің құрылысын жүргізу жобасы жүзеге асырылуда.


Биылғы жазда іске қосылған кәсіпорында қыркүйек айында концентраттағы алтынның алғашқы тоннасы да өндіріліпті. Бүгінге дейін фабрикада 300 мыңнан астам тонна кен өңделіп, одан алынған құрамында алтыны бар концентраттың мөлшері 13 мың тоннаға дейін жеткен.


Мамандардың мәлімдеуінше, қазылған кеннің 20 тоннасынан шамамен 7,7 грамм алтын өңделеді деген болжам бар. Қазір мұндағы таза алтынның қоры 280 тонна деп бағаланып отыр.


Бастапқыда кәсіпорын толық қуатына 2019 жылы енеді деп жоспарланған. Алайда, қазірдің өзінде фабрика бұл межеге жетіп қойды деуге болады. Болжам бойынша Бақыршықта жылына 10 тонна алтын өндірілмек. Тағы бір айта кетер жайт, алғашқы 10 жылда кен ашық әдіспен өндірілсе, екінші кезеңде 20 жылдан астам уақыт бойы шахталық тәсілмен игеріледі екен.


Қазір кәсіпорында 1 100 адам еңбек етуде. Оның шамамен 40 пайызы Әуезов кенті мен іргедегі ауылдардың тұрғындары екен.  Компания төрт жылда жергілікті бюджетке 4,5 миллиардтан астам теңге көлеміндегі салық түсірген.


Сонымен қатар Үкімет басшысы бұл күні кәсіпорында салтанатты жағдайда іске қосылған "Қызыл" атты жаңа жобаның тұсаукесеріне қатысып, өндірілген өнімнің бірінші тоннасына өз бағасын берді. Айта кетейік, мұнда құрамында алтыны бар концентрат өндіріледі. Аталған жоба болашақта алтын мен өзге де қазба байлықтарын барлау, өндіру, өңдеу, тасымалдау және саудалау жұмыстарын кешенді жүргізуге мүмкіндік береді. Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 103 миллиард теңгені құрауда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив