ШҚО-да Конституция күнін ерекше атап өтті
Өскемен. Республика алаңында тұрмыз. Межелі уақыт әлі болмаса да, мұнда еліміздегі тұрақтылықтың, татулықтың мызғымас өзегіне айналған Ата Заңымыз – Конституция күнін тойлауға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жинала бастады. Көп ұзамай-ақ алаңда ине шаншар орын қалмай, лық толды.
Көкке көтерілген егемен еліміздің қасиетті Байрағы самал желмен бірге желбіреп, кім-кімнің де болсын көңіліне шаттық сезімін ұялатқаны анық. Бұл күні таңсәріден көк аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырылды. Мерекелік таң осылай басталды.
Республика алаңына жиналған қауымның бір-біріне айтқан жылы лебіздері мен тағылымды сөздері талай жастың бойындағы патриоттық рухын оятып, отаншылдық сезімін қанаттандыра түсті. Ата Заңның қадіріне жету үшін тәуелсіздік ұғымын қастерлеп, береке-бірлігімізді сақтай білуіміз қажет. Өскемендегі орталық алаңға жиналған жұрттың пікірі осыған саяды.
Осындай риясыз пейілдегі ағайынды облыс басшысы құттықтады.
– Құрметті жерлестер! Сіздерді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің ата заңы «Біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген қастерлі ұғыммен басталады.
Конституциямыз – қабылданған күннен бастап, тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді. Біз Ата заңға сүйене отырып қазақ мемлекетінің іргесін бекіттік, дамудың даңғылына түстік. Болашақта алдымызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген ұлы міндеттер тұр. Мұны орындау үшін бізге мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек ету керек. Баршаңызға мықты денсаулық, мол бақыт, мағыналы ғұмыр тілеймін, - деді Даниал Ахметов.
Бұл күні республика алаңындағы мерекемен қатар Ата заң күні Достық үйінде де аталып өтті. Мұнда келушілер ретро автомобильдер көрмесін тамашалап, «Кемпірқосақ түсі» атты бояу фестиваліне қатысты. Бұдан соң әдеттегідей қолөнер шеберлерініңкөрмесі ұйымдастырылып, ән мен күйдің тиегі ағытылған еді.
Ал орталық алаңда төгілген ән мен күй той алаңына жақындап келе жатқан қонақтардың көңіл-күйін онан сайын көтеріп жібергендей. Мерекелік концертте Шалқар Мұқамғалиев, Вячеслав Ткач, «Инкорро» тобы сынды өнерпаздар өнер көрсетті.
Жәрмеңке мен спорт алаңы да өзінше қызыққа толы.