KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
491.71 529.97 5.05

Конституция күні Өскеменде кең ауқымда аталып өтті

30.08.2013, 18:00 232


Конституция күні Өскеменде қалыптасқан дәстүрге сай салтанатты сипатта, кең ауқымда аталып өтті. Республика алаңында мемлекеттік мейрамға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге Алматы мен Астана қалаларынан ат терлетіп келген Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов бастаған, ақын Темірхан Медетбек қостаған зиялы қауым өкілдері қатысып, шығысқазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Конституция күні Республика алаңында әдеттегідей салтанатты шерумен басталды. Өркенді өндірісімен атағы ел шегінен асып, айдай әлемге тараған «ҮМЗ», «Азия Авто», «Қазцинк» секілді іргелі кәсіпорындар, өнер-біліммен көсегесі көгерген С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ бастаған жоғары және орта білім беру мекемелері, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және басқалары бірінен соң бірі қаздай тізіліп көпшілік қауымның қолпаш-қошеметімен шерулетіп келіп, алаңға сап түзеп тұрды. Көңілдері шат, жүздері жарқын шерушілердің қолдарына ұстаған қызылды-жасылды шарлары, жалаушалары, үлкен плакаттарға жазылған жалынды әрі тағылымды сөздері талай жас-
тың бойындағы патриоттық рухын түртіп оятып, отаншылдық сезімін қанаттандыра түсті. Осындай риясыз пейілдердің шапаға-тына бөленіп, махаббатына шомылған алаңдағы атмосфера облыс басшысының жылы лебізімен тіпті шырайлана түсті.

–Біздің елімізде бір шаңырақ астында көптеген ұлттардың өкілдері татулықта өмір сүріп жатыр. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Президентіміз осыған жете мән берген. Қазақстан халықтары Ассамблеясы, ұлттық мәдени орталықтар – бұлардың бәрі Қазақстанда тұратын бүкіл этностардың төл тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін, ділін жоғалтып алмай сақтауы үшін құрылып, жемісті қызмет атқаруда. Сол сияқты біз, билік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық және діни бірлестіктермен, партиялармен тығыз байланыс орнатып, елдің игілігі үшін бірлікте жұмыс істеп жатырмыз. Ата Заңымыз баршамыздың құқығымыз бен бостандығымызды тең дәрежеде қорғап, заң аясында бейбіт өмір сүруге мейі-лінше жағдай туғызып отыр, – деген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев тамыздың соңын ала, Шығыс өңірін аламанға бөлеген айтулы шаралардың маңызына тоқталды.

Облыс әкімі өз сөзінде күні кеше ғана әлемнің әр түкпіріндегі түркілердің басын кіндік жұрты – Төр Алтайдың төсінде қосқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумы, Конституция мерекесімен қатарласып Өскеменде өткен Халықаралық Бал фестивалі мен қара өлеңнің қаймағын қалқып ішкен шайырлардың «Шығыс шынары» мүшәйрасы, бәрі, бәрі бір есептен облыс-тың мәртебесін одан ары биіктетсе, екінші жағынан экономикаға қосымша қолдау, тың инвестиция көзі болмақ. Ал кейінгі буын – жастарға беретін тағылымдық, тәлімдік қасиеті, мәдени сипаты өз алдына.

Өңір басшысының құттықтау сөзінен соң өзінің жүрекжарды сәлемін сахна төрінен алматылық құрметті мейманымыз белгілі ақын Темірхан Медетбек арнады.

– Құрметті қауым, сіздерді тәуелсіздігіміз бен бостандығымызды, досты-ғымы бен бірлігімізді құрметтеуге шақы-ратын, соны талап ететін Ата Заң күнімен құттықтаймын. Бұл мерекені сіздер бұ-қаралық сипатқа айналдырыпсыздар. Біз әрине, көріп жүрміз, республиканың еш жерінде, облыс орталықтарында осындай керемет мерекелік шеру өтпейді. Ары кетсе, конференция залдарында, мәдениет үйлерінде, басқа да жерлерде жиындар болып, басқосулар ұйымдастырылады. Ал бүкілхалықтық қасиетке ие мәдени шараны біз осында келгенде ғана тамашалай аламыз. Бұл әрине, билік басындағы азаматтардың арқасында атқарылған шаруа деп ойлаймын, – деген ақын Шығысқа табан тіреген сайын бір тың дүниенің, жаңалықтың куәсі болатынын жасырмады.

Бұған дейін Алтайға ат шалдырған ақын-жазушыларымыз қаланың қақ ортасында қасқайып тұрған хакім Абайдың ескерткішіне тағзым етіп, ерке Ертістің сол жағалауында жаңадан бой көтерген сәулетті мешітке бас сұғып, өткен ата-баба-
лардың рухына құран бағыштатса, енді міне, тізгін тартатын тағы бір орын ашылды. Ол – Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшамауданында 70 жылдық мерейтойына арналып тұрғызылған талантты жазушы, драматург жерлесіміз Оралхан Бөкейдің ескерткіші. Ақын Темірхан Медетбектің айтуынша, биылғы үлкен жаңалық – осы болғанға ұқсайды.

Ресейден өнер ұжымы құттықтай келіпті


Ресми тұлғалар мен мәртебелі меймандарымыздың ізгі тілектері құйқылжыған әуенмен әрленген концерттік бағдарламаға жалғасты. Концерт Шалқар Рысханов жетекшілік ететін қазақ ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы тамаша нөмірмен басталды. Одан соң Арыстанбек Кәкеев, Вячеслав Ткач, Әсел Қыдырханова, Олег Вуккерт секілді танымал әртістер сахна төріне кезекпен шығып, думанды жиынға әдейілеп ала келген ән-шашуларын арнады. Мерекенің дүбірі естілсе, байыз тауып тұра алмайтын «Ладушки» ән ансамблі, «Азери», «Флэш» би топтары да сазды сәлемдерін жолдап, мың бұралған билерімен желпінтіп тастады. Ресейдің Алтай өлкесінен қуанышымызды бөлісуге арнайы келген шығармашылық ұжымның өнеріне тәнті болған көрермен көпшілік қошеметін аяған жоқ.

Сонымен қатар, бұл күні Өскемендегі орталық алаңды қақ жарып өтетін Қазақстан көшесінің бойында Халықара-лық Бал фестиваліне қатысушы омарташылар өз өнімдерін саудалап, жәрмеңкенің көрігін қыздырды. «Шеберлер қалашығы» өкілдерінің қолдан жасаған бұйымдары, оның ішінде ою-өрнекпен әдіптелген ұлттық нақыштағы киім-кешек, сырмақ, алаша, көрпе, көпшік тәрізді тұрмыстық жабдықтар, ағаштан ойылып, безендірілген базарлықтар көздің жауын алады. «Sulpak» сауда үйінің дәл қасынан сыртында сары самаурыны сарқылдап қайнаған, ішінде кең дастарқаны жайылған қазақы үйді де байқап қалдық. Есігі айқара ашылған, келімді-кетімді қонақтарды күтудің қа-мында жүр екен ол үйдің адамдары.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратының алдында тұрғындардың арасында электрондық үкімет қызметтерін кеңінен насихаттап, тың ақпараттармен қамтамасыз етуді мұрат тұтқан байқау ұйымдастырылды. Байқауға қатысқан кез келген адам электрондық үкіметтің жұмысына қатысты сауалдарға жауап беріп, сөйлемдер құрастырып, сый-сияпатқа ие болып жатты.

Бұған қоса, қаламыздағы «Жастар», «Жамбыл», «Сәулетай», «Металлург» саябақтарында, Жаңа Согра, Жібек маталар комбинаты ықшамаудандарында, «ULBA» орталық мәдениет үйі аумағында, Меновное ауылында Конституция күніне арналған мерекелер жалғасты. Ойын-сауықтық, спорттық, танымдық шаралар мемлекеттік мерекенің салмағын арттырып, бұқаралық мазмұнын тереңдете түскендей.

Айтулы мереке облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында асқақтата тойланды.

Серік Әбілхан

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив