Қазақстанға Ресей бензині қажет болмай қалды
ҚР энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов Ресейден Қазақстанға АИ-92 бензинін тасымалдау тоқтатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Вице-министрдің сөзінше, Ресейден мұнай өнімдері тапшы кезде тасымалданған екен.
– Ресеймен арадағы келісім аясында Қазақстанға аумағына жеткізілетін өнімдердің көлемі мен түрлері келісілген. Бұл келісімдерге елімізде мұнай өнімдеріне елеулі тапшылық болған кезде қол қойылған еді. Осы орайда РФ тарапы қажетті көлемді қамтамасыз етуге қауқарлы болды. Біз олар ЕЭК аясында екіжақты келісімді бекіттік және ол құжат 2015 жылы күшіне енді. Онда жанар-жағармайдың барлық түрлері қамтылды. Дәстүрлі түрде 900 мың тоннаға тарта жоғары октанды бензинді, 400 мың тоннаға жуық дизель отынын, сондай-ақ 250-270 мың тонна авиациялық керосинді тасымалдадық. Бұл көлем біздің нарықта қажет болды, – деді ол.
Одан кейін вице-министр елімізде мұнай өнімдерін өңдеу ісі жақсы жолға қойылып, біршама артқандығын айтты.
– Сәйкесінше, зауыттар жаңғыртылғаннан соң, бүгінде бізде импорттық АИ-92 бензиніне қажеттілік мүлдем жоқ. Сондықтан осы отынды сырттан әкелуге тыйым салмақпыз. Бұл ретте ресейлік әріптестерімізді ескерттік, олар бұл қадамға қарсы емес. Атап айтқанда, олар бізге бұған дейін жіберіп келген мұнай өнімдері көлемін үшінші нарықтарға шығаруға қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, РФ үшін бұл тиімді, – деді Болат Ақшолақов.
Импорттан бас тартуға қатысты шектеулер теміржолмен тасымалға арналған екен.
– Егер де біз импортқа тыйым салсақ, ол теміржол көлігімен тасымалға қатысты болады, яғни авткөлікке байланысты емес. Сондықтан да Ресеймен шекаралас өңірлерде қажетті көлем тасымалдануы мүмкін, алайда теміржол арқылы ауқымды мөлшерде импорттау болмайды. Бұл бұйрық Әділет министрлігінде тіркеуге енгізілді. Ол шыққаннан кейін, күшіне енеді. Меніңше, 10 тамызға қарай ол құжат тіркеуден кейін жарияланады. Сондай-ақ, 10 күніннен кейін күшіне енеді. Бұл тұрғыда барлық теміржол инстансаларына ескерту жасалады, – деді вице-министр.