KZ
Өскемен
+11°
небольшой проливной дождь жел 6 м/с, ОШ
488.91 532.62 5

Түркияға көлікпен саяхаттау қанша тұрады?

Бүгін, 13:00 20 Төлеуғазы Жансая

Әлеуметтік желіде Түркияға жеңіл көлікпен жеткен өскемендік азаматтардың сапары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Altainews.kz тілшісі сапардың ерекшеліктері мен қиындықтары туралы жолға шыққан саяхатшылармен сұхбаттасты.

Өскеменнен 6000 шақырымды артқа тастап, Түркияға жеткен саяхатшылар жолға алты күн жұмсаған екен. Бұл сапар әрбіреуіне орта есеппен 150 мың теңгеге түскен.

– Жолға Өскеменнен төрт адам болып шықтық. Әрқайсымыз 150 мың теңгеден шығардық. Оның ішінде тамақтану, түнеген қонақ үйлер, жанармай сияқты шығындар бар, – деді саяхатшы Ақижан Тащанов.

Ақижан бұл сапарды екі жыл бойы жоспарлаған. Жолға шығар алдында көлігін толық тексеруден өткізіп, сенімділігіне көз жеткізіпті. Одан кейін жолдастарын ертіп, сапарға шыққан.

Өскеменнен шыққан саяхатшылар Солтүстік және Батыс Қазақстан арқылы Ресейдің Астрахан қаласына жеткен. Одан әрі Шешенстанның Грозный қаласы, Солтүстік Осетия, Ингушетия арқылы Грузияның Батуми қаласына тоқтап, Түркия шекарасынан асқан.


– Теңізді айналып өтетін маршрут құрастырдық. Астраханда су үстіндегі қалқымалы көпірден өтуге 700 теңге төледік. Грузияда автосақтандыру қажет болды, оны онлайн түрде 10 мың теңгеге жасадық. Ал Түркияның шекарасында автосақтандыруға 7 мың теңге жұмсадық. Шекарадағы тексерістерде еш қиындық болған жоқ. Тек Шешенстанның кеденшілері тыйым салынған заттар бар-жоғын мұқият тексерді, – дейді Ақижан.

Сапардың жетінші күні саяхатшылар 6500 шақырымды еңсеріп, Анталиядан Қаш қаласына жеткен. Енді олар Стамбулға бет алуды жоспарлап отыр.

– Бұл сапарды көпшілікке мақтану үшін жариялаған жоқпыз. Басты мақсатымыз – көлікпен саяхаттаудың мүмкін екенін және шығынның аз екенін көрсету, – деді Ақижан Тащанов.


Ақерке Рағызбаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив