Семейде шілде айы бойы жазғы театр алаңы ұйымдастырылды
Семейдегі Ф. М. Достоевский атындағы театрда шілде айы бойы жаздық V театр алаңы ұйымдастырылды.
Бұл театр алаңы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қолға алынған шара. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың театр туралы мектеп оқушылары, студент-жастардың барлығы да біліп, осы өнерді қадірлеуге атсалысуы керек, деген тікелей тапсырмасына орай Семейдегі үш театр, атап айтқанда Абай театры, «Дариға-ай» жастар театры және Ф. Достоевский атындағы театр ұжымдары бір жыл бойы бірнеше рет шеберлік сыныптарын өткізді.
Ф. Достоевский театрына шілде айы бойы үзбей келген 80 семейлік актер өнерінің, сахнаның қыр-сырын біршама меңгерді. Оның ең кішісі 3 жаста екен. Шарт бойынша негізінен 6-7 жастағылардан бастап келуге болады делінген еді. Орыс драма театрының актері және режиссері Андрей Глушковтың айтуынша, 3 жастағы қыз үлкендерден қалыспай қызыға кірісіпті. Ең үлкен жастағы оқушы болса, ол екі баланың анасы, 30 жастағы әйел екен. Аналары ең алдымен актерлік шеберлікке ұлдарын әкелген. Соңында өзі де қызығып, ол да өнерді меңгеруге кірісіп кетіпті.
-Халықтың театрға деген қызығушылығын арттыру менің басты мақсатым болды,-деді Андрей Глушков,-біздің осы жаздық театр алаңына келіп қатысқан үлкен-кіші достарымыздың барлығы болашақта ертегілерден бастап, классик жазушылардың шығармаларын оқитын болады. Сахнаның құдыретін түсініп, өнерді бағалайды. Бізге келіп жүріп, шынымен сахна өнерін таңдаған актерлеріміз де өте көп.