Өскемендіктер сақтардан қалған қазынаны қыркүйекте көре алады
Өткен аптада Тарбағатайдағы Елеке Сазы қорғанынан алтын бұйымдар табылған болатын. Болжам бойынша Сақ дәуіріндегі, яғни, б.з.д 8-7 ғасырға жататын бекзадалар мен ханшайымдарға тиесілі заттар болуы мүмкін. Әсіресе, әйел азаматтарының алтын әшекейлері, әр формадағы моншақтар және киімдеріне арналған жапсырмалар мен қапсырмалар өте көп. Сонымен қатар алтыннан соғылған ат әбзелдері де бар.
Бұл орындағы археологиялық қазба жұмыстары әлі де жарты ай көлемінде жалғасын табады.
Ал қыркүйек айында Елеке Сазынан табылған құнды жәдігерлерді өскемендіктер мен қала қонақтары арнайы экспозициядан көріп, тамашалай алады. Айта кетсек, экспозиция «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты жыл сайынғы халықаралық археологиялық конференцияның барысында ұйымдастырылмақ.