"Шыдамдылық танытқандарыңыз үшін рахмет!" ШҚО әкімі тасқыннан зардап шеккендермен кездесті
Зырян ауданына жасаған іссапарыбарасында облыс әкімі Даниал Ахметов көктемгі тасқыннан зардап шеккен үйлерді көріп, олардың тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды алтайньюс тілшісі.
Биыл жазғытұры ауданда бірнеше өзендер арнасынан асып, 414 үй су астында қалған болатын. Толық бүлінген үйлердің орнына иелеріне басқа баспаналар берілді, ал жөндеуге болатындары толық қалпына келтіріліп шықты.Жөндеу жұмыстары су қайта, яғни сәуір айының ортасында басталған-ды. Жергілікті«Нарын Сервис» компаниясы өз міндетін талапқа сай орындап шыққан көрінеді.
Енді міне үш айдан соң сол үйлердің тұрғындары аймақ басшысын ризалықпен қарсы алып, атқарылған жұмыс үшін алғыстарын жаудырып отыр.
– Тасқыннан кейін үйдегі мүліктің бәрі бүлінді. Баспанамыз жөндеуді қажет етті. Қалпына келтіруге қаржымыз да, күшіміз де жетпес еді. Аудан, облыс басшылығына мың да бір рақмет! Апат болған күннен бері бізге материалдық-моральдық қолдау көрестіліп келді. Жөндеу сапасына да дән ризамыз, құрылысшылар өз жұмыстарын жауапкершілікпен орындап шықты. Үйіміз қазір бұрыңғыдан да жақсы болып қалды, – дейді Тропинский тұйық көшесіндегі 26 үйдің иесі ЕленаЧигинцева.
Келесі бір тұрғын Оксана Коприкованың үйін комиссия тұруға жарамсыз деп таныған екен. Оған жергілікті әкімдік басқа үй сатып алып беріпті. Ол да жаңа баспанасына көңілі әбден толатынын жеткізді.
– Алғысты маған емес, Елбасына айтыңыздар. Су тасқыныболған кезде Президент маған қоңырау шалып, апаттан зардап шеккен азаматтардың бірде-біреуі көмексіз қалмауы тиіс екенін мықтап тапсырды. Мен Мемлекет басшысының жүктеген маңызды міндетін абыроймен атқаруға тырыстым. Бұл – менің жұмысым. Ал, сіздерге түсіністік пен шыдамдылық танытқандарыңыз үшін рахмет айтамын! –деді кездесу барысында облыс әкімі.
Зырянның зардап шеккен тұрғындары көктемгі апаттан естерін жиып, келешекке үлкен үмітпен қарап отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға айтар алғыстары шексіз.