Осинов асуы әбден тозған
ШҚО әкімі Даниал Ахметов мердігерлерге Осинов асуының жолын қалыпқа келтіруді тапсырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің түсіндіруінше, асу жолы әбден тозған. Ол өзі әкімдік отырысына сол жолмен әупірімдеп жеткенін айтты. Алайда, осы отырысқа қатысып отырған жол жөндеу мекемелерінің басшылары онымен келіспеді. Атап айтсақ,«Қазақавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Нұрланбек Өмірбаев жолдың жағдайы жақсы екенін, тіпті қажет болса жуырда түсірілген бейнематериалдарды көрсете алатынын айтып, біраз дауласты.
Облыс әкіміжол құрылысына тағы бір мәрте жіті назар аудару керектігін ұсынды.
– Жаз шығып,өңірімізге туристердің алғашқы легі де келе бастады. Сондықтан, негізгі демалыс орындарына апаратын жолдардың жағдайына баса көңіл аудару қажет, жүргіншілердің сапары барынша жайлы болғанын ойлауға тиіспіз, – деп түйіндеді ДаниалАхметов.
Қазіргі кезде елімізде аса қауіпті болып саналатын Осинов асуынан айналма жол салынып жатыр. Бұл Бұқтырмаға дейінгі жолды жүруге кететін уақытты үнемдеуі, апаттардың санын қысқартуы керек. Жоспар бойынша жаңа айналма тас жол келер жылы пайдалануға берілмек.