KZ
Өскемен
+3°
небольшой дождь жел 6 м/с, СБ
442.05 474.14 4.74

Семейде қызметтік меморандумға қол қойылды

2.06.2018, 12:56 116

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары енді ғылыми жобаларын медицина саласындағы білікті ғалымдар мен профессорлармен бірлесе әзірлеп, көпшілікке ұсына алады. Бұл басымдыққа зияткер оқушылар мектеп пен қаламыздағы мемлекеттік медицина университеті арасындағы ортақ меморандумға қол қою барысында ие болып отыр.


Маусым айының алғашқы күнінде Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінде жоғары оқу орнының ректоры, медицина ғылымдарының докторы Ерсін Жүнісов пен Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов отандық білім саласында бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласып, екіжақты меморандумға қол қойды. Меморандум – Қазақстанға қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған бірнеше мақсаттарды көздейді. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының ғылыми жобаларында профессорлар мен ғалымдар көмегіне сүйену, олардың медицина университетінің жарақтанған зертханаларында іс –тәжірибеден өтуіне жағдай жасау әрі болашақта медицина мамандығын таңдайтын оқушылар үшін бірлескен элективті курстар бағдарламасын әзірлеу. Бұдан бөлек, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері, білім алушылардың білім жетістігін бағалау бойынша тәжірибе алмасу мен бірлескен конференциялар ұйымдастыру қос тарапқа да ілгерілеуге жаңа қадам болары сөзсіз.


- Назарбаев Зияткерлік мектебі қаламызда ғана емес, еліміздегі маңдайалды мектептердің бірі. Сіздерде орын алып жатқан жаңалықтардан жиі хабардар болып тұрамыз. Жыл сайын ұшырып отыратын түлектеріңіз де өте дарынды балалар. Алысқа бармай-ақ өзіміздің университетте білім алатын сіздердің мектепті бітірген түлектерді айтар болсақ олардың жоғары деңгейін атап өтуге болады. Біздің университетте ағылшын тілінде білім алатын топтар бар. Сол топтардың ішінде сіздердің мектепті тәмамдаған, үш тілге бірдей жетік студенттер оқып жатыр. Бүгінгі ортақ келісімнің арқасында екіжақты қарым-қатынас одан әрмен жақсарып, отандық медицина саласына әлемдік деңгейде біліммен қаруланған дәрігерлерді даярлап шығуға үлкен жол ашылғалы тұр. Сондықтан бұл әріптестігіміз баянды болсын, - деді өз сөзінде медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов.


Өз кезегінде сөз алған зияткерлік мектеп директоры Бағдан Тоқтамысұлы Зияткерлік мектептерде орын алып жатқан соңғы жаңалықтармен бөлісе отырып, «NIS-Programme оқу бағдарламасының әлемдік деңгейде мойындалғанын айтты.


- Бізде талантты, дарынды балалар аз емес. Солардың талантын аша түсуде жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Соның бірі сіздермен келісіп отырған ортақ меморандумның шеңберінде дами түседі деп сенеміз. Жыл сайын біздің мектеп бітіруші түлектер арасынан медицина мамандығын таңдайтын шәкірттеріміз табылады. Оның үстіне химия,биология пәндеріне қызығушылығы ерекше балалардың саны да көп. Міне соларға дұрыс жол сілтеп, кәсіптік бағдар беруде бірлесе жұмыс атқарсақ, ұтарымыз көп. Биылдан бастап біздің түлектер әлемдік деңгейдегі шетелдік оқу орындарына қосымша емтихансыз, ал отандық кейбір озық оқу орындарына 2 курстан қабылданбақшы. Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы отандық жоғары оқу орындарымен осы бағыттағы жұмысын жалғастыруда. Сіздер де осы мәселені қарастырып, біздің түлектерді бірден 2 курсқа қабылдау мүмкіндігін табады деген сенімдемін. Өйткені, сіздерде студеттерге бірінші курста оқытатын негізгі пәндердің бірқатары біздің мектеп бағдарламасында да тереңдетіп оқытылады және элективті курстар арқылы да шешімін табуға болады,- деді Бағдан Қайыржанов.


Мектеп директорының бұл ұсынысын құптаған университет әкімшілігі бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет екендігін айтып, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс атқаратындығын атап өтті.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив