«IT-маман болғым келеді». Жалақысы қанша, қай оқу орны үздік оқытады?
Қай университет IT мамандығын үздік оқытады? Қазақстанда IT-әзірлеушілер қанша жалақы алады? Олардың білім қандай? Осы сұрақтардың жауабын Kolesa Group-тің IT нарығына жасаған зерттеуінен және білім және ғылым министрлігі ұсынған мәліметтерден іздеңіз.
Елдегі IT-әзірлеушілердің білімі қандай?
Сауалнамаға қатысқандардың 13%-і жоғары білімі жоқ. 2020 жылғы зерттеумен салыстырғанда жоғары оқу орнын бітірмегендердің үлесі көбейген.
Ал жартысынан көбі бакалавриат, 21%-і магистратура бітірген. Магистр атанғандардың көбі QA-инженері мен backend-әзірлеуші болған.
Университет бітірмегендердің көбі mobile-әзірлеуші болған – 19,8%.
Kolesa Group техникалық директоры Игорь Бородихин IT саласында жоғары оқу орнын бітірмеген мамандардың көбеюін қашықтан оқумен байланыстырған.
Жоғары оқу орнының бәрі қашықтан оқуға көшкенде компаниялар да қызметкерлеріне онлайн жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Сол кезде студенттерде еркіндік болды. Олардың бос уақыты көбейді, бір жағынан сабағын оқып жүріп, жұмысқа үлгерді, — деді Игорь Бородихин.
Қай университеттер IT-ді үздік оқытады?
Сауалнама қатысушылары «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша ең үздік оқытатын жоғары оқу орнын таңдаған. Тізім мынадай болып шықты:
- Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті;
- Сүлейман Демирел университеті;
- Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті;
- Қазақстан-Британ техникалық университеті;
- Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті;
- әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті;
- Назарбаев университеті;
- Қарағанды техникалық университеті.
ҚР білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының рейтингін жасайды.
Олардың рейтингінде «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті көш бастаған.
«Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша 2021 жылғы ЖОО рейтингінің ондығы
1 | Қазақстан-Британ техникалық университеті |
2 | Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті |
3 | Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті |
4 | Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті |
5 | Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті |
6 | Алматы менеджмент университеті |
7 | Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті |
8 | әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті |
9 | Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті |
10 | Алматы технологиялық университеті |
«Математикалық және компьютерлік модельдеу» білім беру бағдарламасы бойынша 2021 жылғы жоғары оқу орындары рейтингі (елімізде бұл бағдарламаны тек 7 университет оқытады)
1 | Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті |
2 | Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті |
3 | Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті |
4 | әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті |
5 | Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті |
6 | Қазақстан-Британ техникалық университеті |
7 | Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті |
«Атамекен» ұлттық кәсіпкер палатасы білім беру бағдарламаларының рейтингін жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі және олардың орташа жалақысы бойынша түзеді. Бұл мәліметтер жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесінен алынған және зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық базасымен салыстырылған. Рейтингіні құру барысында республиканың жетекші ІТ компанияларының сарапшылары білім беру бағдарламаларының мазмұнына талдау жүргізіп, баға берген.
ІТ-мамандар арасында қай қызмет және қандай бағдарламалау тілі танымал?
Kolesa Group сауалнамасына қатысқан мобайл әзірлеушілердің 51%-і беттеуші қызметінен frontend әзірлеушілері бағытына ауысқан. Fullstack әзірлеушілерінің 81%-і, жүйе әкімшілері немесе DevOps мамандардың 13,5%-і backend әзірлеуші қызметіне ауысқан.
Олардың көбі негізгі бағдарламалау тілі ретінде Kotlin мен Swift-ті таңдағанын айтқан. 46%-і үшін Kotlin, 35%-і Swift, 9%-і Dart, 5%-і Java бағдарламалау тілін таңдаған.
Айта кетейік, Kotlin – Android операция жүйесі үшін негізгі бағдарламау тілі. Ал Swift бағдарламалау тілі iOS және macOS операция жүйелері үшін шығарылған.
Kolesa Group мәліметінше, кейінгі кезде Dart платформа тілі танымал бола бастаған. Тестілеуші/QA-инженерлер арасында ең танымал тілдер: Java, Python, jаvascript, Kotlin және PHP. Backend-әзірлеушілер ең жиі қолданатын бағдарламалау тілдері қатарында PHP, Java, Python бар.
ІТ мамандарының жалақысы қанша?
Kolesa Group зерттеуінше, әзірлеушілердің жалақысы 2021 жылы 49% өскен. Орташа жалақы көлемі 2020 жылы 459 мың теңге болса, 2021 жылы 658 мың теңгеге жеткен.
Жалақысы ең көп қызмет — мобайл әзірлеуші. Олардың орташа жалақысы – 764 мың теңге, одан кейінгі орындарда backend-әзірлеуші (712 мың теңге), жүйе әкімшісі/ DevOps мамандар (697 мың тг), frontend-әзірлеуші (622 мың теңге) және тестілеуші/QA-инженерлер (491 мың теңге) тұр.
Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының президенті Олжас Сәтиев Қазақстандағы ІТ-мамандардың жалақысының бұлай өсуінің бірнеше себебін атады.
Бұл саладағы жалақының айтарлықтай өсуіне елдегі бәсекеге қабілетті инженердің көбеюі әсер етті және кейінгі кезде Қазақстан шетелдік ІТ-компанияларды қызықтыра бастады. Жергілікті компаниялар шетелдіктермен бәсекелесуге мәжбүр болды. Компаниямыздағы кейбір әзірлеуші 11.00-17.00 дейін бізде жұмыс істесе, кешке және түнде канадалық кәсіпорындарда қызмет етеді, — дейді Олжас Сәтиев.
Қазақстандағы Beeline-ның IT-директоры Алексей Шаравар жалақының өсуіне екі себепті атады.
Біріншіден, Қазақстанда бизнесті цифрландыруға үлкен сұраныс бар. Екіншіден, карантин Қазақстан мен бүкіл дүниежүзіндегі компаниялар арасындағы шекараны ашты. Енді қазақстандық кандидаттарды Ресейден немесе АҚШ-тан іздеуге болады, олардың қайда отырғаны маңызды болмай қалды, — дейді ол.
IT-дің қай саласында әйелдер көп?
Kolesa Group-тің зерттеуінше, былтыр тестілеуші/QA-инженер әйелдер көбейген. Олардың үлесі 2020 жылы 33%, ал 2021 жылы 37% болған. Ал басқа бағыттарда қыздардың үлесі аз күйінде қала берген. Backend-әзірлеуші – 6,5%, жүйе әкімшісі/ DevOps мамандар – 6,5%, frontend-әзірлеуші – 9% және мобайл-әзірлеуші арасындағы үлесі 11,8% болған.
Жалпы орташа есеп бойынша IT саласындағы әйелдердің үлесі былтыр азайған. Олардың саладағы үлесі 2020 жылы 14% болса, 2021 жылы 11%-ке түскен.
Алексей Шаравардың айтуынша, әйелдер IT-дің барлық саласында бар. Тек олардың үлесі әзірлеуші қызметіне қарағанда талдау, дизайн, Agile-басқару бағытында көбірек.
Бұл – ер адамда бар ми әйелде жоқ деген сөз емес, адамдардың басындағы стереотиптерге байланысты, — дейді Алексей Шаравар.
Айта кетейік, президент былтырғы жолдауында цифрландыру жобасы аясында 100 мың IT-маманды даярлау жөнінде тапсырма берген еді.
Соған орай жылдан-жылға ақпараттық – коммуникациялық технологиялар саласына бөлінген гранттар саны да көбейіп келеді. 2021-2022 оқу жылында 7 487 грант бөлінді. Ал 2020-2021 жылғы оқу жылында бұл салаға 3 815 грант бөлінген. 2022-2023 оқу жылында техникалық мамандықтардың грант үлесі 40%-тен 60%-ке дейін көбейеді.
ҚР білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, келесі оқу жылынан бастап IT-бағытында оқығысы келетін талапкерлер ҰБТ-да физика емес, информатика пәнінен тест тапсыратын болды.
2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламасында оқуға түсетін оқушылар ҰБТ-да «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика» комбинациясын тапсырады.