Семейдегі Ленин көшесі бүгіннен бастап Мәңгілік ел аталады
Бүгін 31 Мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Семейде бірқатар ірі шаралар легі ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова арнайы келіп, Әлихан Бөкейхан бастаған алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
-Бұл күн біз үшін аса ауыр да қайғылы күн, миллиондаған құрбандардың көз жасы мен олардың тәуелсіздік жолындағы күресі ешқашан ұмытылмақ емес, 1921-1954 жылдары бұрынғы КСРО көлемінде сотталғандардың саны 3 млн 777 мыңға жеткен екен. Оның ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов сияқты алаш қайраткерлері ең қатал жазаға кесілді. Бұндай қатаң ату жазасы үкіміне іліккендердің саны 640 мың адам болды. Азап лагерьлерінде қазақ интеллигенциясы кінәсіз болса да, зардап тартып жатты. Түрлі ұлттар жазықсыз болса да, қазақ еліне күштеп жер аударылды. Қазақ халқы сол заманда басындағы қайғысына қарамастан сырттан келген жұртты бауырына тартты. Соғыста да, бейбіт өмірде де түрлі ұлттардың бауырмалдығы қалған емес. Бүгін, осындай айтулы күнде Семей қаласындағы Ленин көшесі «Мәңгілік ел» болып ауысқанын сіздерге құрметпен хабарлағым келеді,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова.
Осыдан біраз жыл бұрын осы Ленин көшесін ауыстыру мәселесі көпшіліктің талқысына түскен еді. Ленин көшесінің бойында Әлихан Бөкейхан бастаған алаш қайраткерлері келетін Бостандық үйі орналасқан. Бостандық үйінде қазір Семейдегі облыстық тарихи өлкетану музейі ашылған.
-Біздің көшеміз Мәңгілік ел деп аталғанына халқым үшін қуанып тұрмын,-деді музей директоры Ләззат Әлжан,-бұл жер Алаш қайраткерлерінің ізі қалған қасиетті жер. Жүрегі қазақпын деп соққан кімге де болсын ыстық. Баршаңызды осы жақсы жаңалықпен құттықтаймын! Ел бірлігі арта берсін.