Өскеменде 60-тан астам үй 6 күн бойы жарықсыз отыр (ВИДЕО)
Өскемен мен Ахмер ауылының ортасындағы «Изумруд» және «Металлург» бағбан кооперативтерінде 60-тан астам түтін елден ерекше тұрмыс кешіп жатыр.
Ерекшелігі сол, еркектері қас қарая жатып, таңмен таласып тұрса, әйелдері кір-қоңын қолмен жуып, тамақты тек отқа пісіреді. Кір машинасы мен электрлі плитаның түр-түрі тұрса да, қара пешке адалдық танытып келеді.
Мұндағы балалар да «ақылды». Үй тапсырмасын кешке қалтырмай, мектептен келе сала пысықтайды. Суды бастаудан тасып ішіп, қыл аяғы телефонның өзін жұмыс орнында қуаттап жүр. Мұндай тұрмыс режимі орнағалы 6 күн болыпты. Жетіскеннен емес, әрине. Екі кооператив те бір трансформаторға кіріптар. Оның иесі Рафхат Серімбетов «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдында қарызға батып, 60-тан астам үйді жарықтан ажыратып тастаған. Бағбан кооперативі деп ресмилікке салынып отырғанымыз болмаса, бұл маң тұтас бір ауыл. Көбі – балаларының болашағы үшін жұмыссыздықтан қашып, шалғай аудандардан қалаға ағылған қазақтар. Пәтер жалдап тұруға шамалары келмей, қаланың кәріз тазарту жүйесіне жақын ауданынан жер алып, үй салған.
Бір түсінгеніміз, бұл ауылда әркімнің өз шындығы бар. Қисынға салсаң әрқайсының уәжінде жан бар. Жік-жік болып бөлінген жұрттың мәселесін шешуге ешкім құлық танытатын түрі жоқ. Амалы таусылған ағайынның бірі кооператив деген құрылымнан бас тартайық десе, бірі өзіміз қосылып жеке трансформатор алайық деп ұсыныс айтуда.
«Жарықты қоспаса көшеге шығып, жолды жауып тастаймыз. Басқа амал қалмады», - дейді «Изумруд» кооперативінің тұрғындары.
Мақпал Тілеулинова, кооператив тұрғыны:
-Менің екі балам бар. Бірі мүгедек. Жарықсыз отырған алты күннің ішінде бірнеше рет сырқаты сыр беріп, қатты шошытты. Бес баласы да мектепке баратын үйлер бар. Олар таңғы бестен тұрып дайындалады. От жағып, шай қайнатқанша, балалардың бәрін мектепке дайындағанша бірнеше сағат кетеді. Ток барда олай қиналмайтынбыз. Кір машина, тоңазытқыш дегенді ұмыттық. Азық-түліктің көбі бұзылып кетті. Біздің жағдайымызды қала әкімдігі біліп отыр. Олардан қайран болмаған соң сіздерге хабарластық.
Аяулым Жиенбекова, кооператив тұрғыны:
-Ата-енем егде тартқан адамдар. Таңғы сәресін беру қиын болып тұр. Қалаға көшіп келгенде бұлай қиналамыз деп кім ойлаған. Мүшкіл халімізді көрген ауылдағы ағайын «елге қайтыңдар» деп күліп кетті.
Серік Нұржанов, кооператив тұрғыны:
-Телефон өшсе, хабарсыз қаламыз ғой. Сондықтан, жұмыстан қайтарда телефонымызды қуаттап шығамыз. Ал жұмыста жоқтар дүкен-дүкенді жағалайды. Жаңа ғана жақындағы дүкеннен телефонымды қуаттап аламын деп келісіп кеттім.
Арман Манақбаев, кооператив тұрғыны:
-Құдық та токпен істейді. Ішер суға зар болған соң, көлік шығарып сырттан тасып жүрміз. Жуыну деген өз алдына бөлек жыр. Көбіміз туыстарымыздың үйінен амалдап отырмыз. Қала әкімі Қуат Тұмабаев бұл мәселемен жақсы таныс. Жағдайды өз көзімен көрген. «Сіздер кооператив мүшелерісіздер, сондықтан ешқандай көмек бере алмаймыз. Ақша жинап жеке трансформатор сатып алыңыздар. Соны орнатып берейік» - дегеннен басқа жылы сөз айтпады.
Серік Ерболсынов, коператив тұрғыны:
-Металлург коперативінде 20 үй, «Изумруд» кооперативінде 45 үй, олардан дербес тағы бес үй осы трнасформаторды пайдаланамыз. Сонда қазір 70 үй жарықсыз отыр. Қыста бір рет екі күн жарық болмады. Сенбі-жексенбіде де өшіп тұрады. Бұл жолғысы одан да сорақы болды.
Рафхат Серімбетов, «Метллург» кооперативінің басшысы:
-Бұл трансформаторды 2016 жылы иелігіме алдым. Ол кезде ешқандай қарыз жоқ болатын. Қарыз болса, мен оны жауапкершілігіме алмаушы да едім. Өзім 22 үйі бар «Металлург» бағбан кооперативінің төрағасымын. 42 үйі бар «Изумруд» кооперативі де біздің трнасформатордан ток алып отыр. Мен келгенде «Заря» дейтін кооператив те бізге қосулы болатын. Олар бөлініп шығып, өздері жеке трансформатор орнатып алды. 2016 жылдың қысында үлкен сомада қарыз пайда болды. Ток ұрлаған ба, әлде төлемей жалтарған ба, ол жағына жіп таға алмадық. Өйткені, көп үйлердің электр шығынын есептеуіш құралы аттестацияланбаған. Соның кесірінен кімнің қанша ток тұтынғанын біліп болмайсың. Барлығы жиналып трансформатордағы негізгі есептеуішке бірақ түседі. Былтыры әкімдік пен прокуратура өкілдері, «Шығысэнерготрейд» мамандарымен бірлесіп тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде қордалағанған қарызды аталмыш үш кооперативке үй санына сәйкес бөліп тастаған. Оны ешкім төлегісі келмейді. Ол кезде прокуратура «Шығысэнерготрейд» мекемесін токты қосуға мәжбүрлеген. Ал қарыз сол қалпы төленген жоқ. Енді міне тағы өшіп отыр.
Бізге жолыққан үй иелерінің қолында бір-бір кітапша жүрді. Сөйтсек, ол электр ақысын төлеу туралы анықтамалық екен. Ай сайын кооператив төрағасына төлеген ақшаны сол кітапшаға тіркетіп алатын көрінеді. Мұндағы тариф әр киловатқа 16 теңгеден.
«Изумруд» кооперативінің басшысы Жанар Ілиясова желіден ток жиі ұрланатынын айтады. Оның барлығы трансформатордағы негізгі есепуіштен шығатын көрінеді. Соның орнын жабу үшін негізгі тарифтің үстіне төрт теңге қосуға мәжбүр көрінеді.
Жанар Ілиясова, «Изумруд» кооперативінің басшысы:
-Мен бұл кооперативке 2016 жылы басшы болып келдім. Трансформатордың иесі де ауысып жатқан болатын. Ол кезде үйлердің көбінде аттестацияланған есептеуіш жоқ еді. «Шығысэнерготрейд» ЖШС мамандары үй-үйді тексеріп, бәріне дені дұрыс есептеуіш орнатты. Барлығы ай сайын ток ақысын маған өткізеді. Оны мен «Шығысэнерготрейдке» тапсырып, тиісті түбіртек аламын. Ток ақысына деп біздің кооператив 2 340 000 теңге төлеппіз. Былтыры дәл осындай дау шыққанда прокуратура өкілдері мен «Шығысэнерготрейд» мамандары түбіртектерді тексерген болатын. 2016 жылдан бері біздің кооперативтен бір де бір үй электр ақысын кешіктірмегенін анықтады. Біз төлеген қаражат бойынша тұтынылған энергияның мөлшері есептелді. 42 үйге дәл келіп тұр. Ал оған қордаланған қарызды қоссақ, 2016 жылдан бері шығын болған энергияны 90 үй тұтынған болып шығады. Демек, біздің мойнымызға қарыз әділетсіз ілініп отыр. Жалпы соманы үш кооперативке бөлгеннің өзінде әр үй 7500 теңгеден келеді екен. Оны төлеуге елдің тең жартысы қарсы. Біреудің қарызын жаппаймыз деп ат-тондарын ала қашты. Ол қарыз жабылса жарық қайта қосылар еді.
Қаралы үйге қиын боп тұр
Екі күннен кейін бұл ауылда марқұм болған адамның жетісі берілмек. Жарықтың жоқтығы бәрінен де осы қаралы үйге қиын боп тұр.
-Кеше көршім келіп, жыларман болды. Екі күннен кейін марқұмның жетісін беруі керек еді. «Шығысэнерготрейд» мамандары бізге бөлінген қарыздың жартысын әкелсек, қолхат жазғызып, токты қосуға болатынын айтқан. Енді жұмыстан қол босағанда соны жинап жүрмін. Науқан болатын үйдің иесі жетпей тұрған соманы өз қалтамнан төлейін, жарық қосқызыңыз деп тағы келді. Осы екі арада «Шығысэнерготрейд» өкілдері айтқан сөздерінен айнып қалмаса болды. Сіздерді шқырғанымыз үшін ренжулері мүмкін ғой, - дейді кооператив басшысы.
Бұл мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі білу үшін «Шығысэнерготрейд» ЖШС мен Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ресми сауал жолдадық.