KZ
Өскемен
+16°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
441.44 473.09 4.75

"Жолды жаппақ болған райымыздан қайтарды" Жарықсыз қалған 60 үйдің жағдайы туралы

25.05.2018, 05:25 78

Апта бойы жарықсыз отырған «Металлург» және «Изумруд» саяжай кооперативтеріне жарық берілді. «Жарық қоспаса, жолды жабамыз» деген елдің жанайқайына қала әкімдігі кеш те болса құлақ асқан екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Бұл жағымды жаңалықты бізге қала әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев хат арқылы хабарлады. Шаһар басшысы Қуат Тұмабаевтың атына жолдаған сауалымызға жауап ретінде үйлердің барлығына жарық берілгенін жеткізіпті. Дегенмен, «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы қарыз мәселесінің басы әлі ашық қалып отыр. Ержан Қоңырбаевтың мәлімдеуінше, мәселе «Дидар» газетінде көтерілгенге дейін екі коперативтің қарызы 1 020 061 теңге болған. Мақала шыққан күннің ертеңінде оның басым бөлігі төленіп, 385 061 теңгесі ғана қалған.


«Изумруд» кооперативінің басшысы Жанар Ілиясова ауылға жарық қосылғанын растады.


-Сенбі күні қала әкімінің орынбасары мен құқық қорғау органдарының өкілдері келіп, жолды жаппақ болған райымыздан қайтарды. Мәселемізді тыңдап, оны шешу жолдарын ұсынды. «Металлург» кооперативінің басшысы Фархат Серімбетов сол күні 480 мың теңгенің қарызын төлеген екен. Біздің копперативтің мойнында ешқандай қарызы жоқ екені де анықталды. Қазір барлық үйде жарық бар,- дейді Ж.Ілиясова.


Жекенің қолындағы траснформаторға кіріптар болып отырған саяжай тек бұлар ғана емес. Өскемен бойынша 184 саяжай кооперативі бар.  Олардың көбі жеке меншіктің қолындағы трансформатор арқылы ток алып отыр. Әкімдік осыған ұқсас даулардың қайталанбауы үшін нақты шара қолданбақшы.


-Трансформатор мен электр желісі әкімдік балансына өтсе, оған біз қызмет ететін боламыз. «Звездный» кооперативін ілкі жоба ретінде осы жүйемен басқаруды қолға алдық. Әуелі трансформаторға дейінгі 10 киловаттық электр желісін әкімдік балансына қаратамыз. Одан кейін трансформатордың өзімен қоса үйге дейінгі 0,4 киловаттық сымдарды қабылдаймыз. Ол үшін үйлердің арасынан арнайы техника өтетіндей жол ашу қажет болады. Бұл ұсынысқа әзірге 53 кооператив келісіп отыр. Қалғандарына түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Трансформатор мемлекет қарауына өтсе, бүгінгідей дау туындамайды, - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Жапбаров.


Бағбан кооперативі деген мәртебе басымызға мәселеден басқа ештеңе бермеді деп есептейтін қос кооперативтің тұрғындары қала әкімдігінен өздерін елді мекен ретінде тіркеуді сұрап отыр.


«Қазір кооператив тұрғындарынан қол жинап жатырмыз. Бұрын бұл туралы ауызша айтылып келсе, енді жазбағаша өтініш бермекпіз. Біз де Ахмер ауылы мен Меновной кентіндегі жеке сектор сияқты көшелерінің атауы бар, кәдімгі елді мекен болғымыз келеді. Кооператив деген мәртебе мүмкіндігімізді шектеп отыр» - дейді Жанар Ілиясова.


Ал ТҮКШ мамандары мұндай өзгеріс енгізу үшін қаланың бас жоспарын қайта қарау керек болатынын айтады. Қағазбастылық пен халықтың қалауы таразыға түсіп тұр. Қайсы басым түсерін әлі де бақылауымызда ұстаймыз.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив