Қазақстан құрамасы тағы сүрінді
Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан хоккейден бірінші дивизион командалары арасындағы Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қатарынан екінші кездесуде жеңіліс тапты.
Естеріңізге салайық, біріншілікті екі ірі жеңістен бастаған хоккейшілеріміз одан кейінгі Италия құрамасымен өткен ойында қарсыласынан 0:3 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Төртінші матч та қазақстандықтар үшін сәтсіз аяқталды. Словения құрамасымен шеберлік байқасқан Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері балкандықтарға 3:5 есебімен жол беріп, онсыз да мәз емес жағдайын тіптен қиындатып алды. Бұл матчта біздің құрама сапында Егор Петухов, Дмитрий Гренц пен Әлихан Әсетов нәтижелі соққыларымен көзге түсті.
Осы жеңілісінен кейін қоржынында алты ұпайы бар Қазақстан құрамасы турнир кестесінің екінші сатысында қалды. Дегенмен қазақстандықтармен қатар, Италия, Мажарстан және Словения құрамалары да алты ұпай жинағанын айта кеткен жөн. Яғни, Жоғарғы дивизионға берілетін екі жолдаманың біріне ие болу мүмкіндігін командалардың ешқайсысы әлі де жоғалтқан жоқ деген сөз. Ал көш басында тоғыз ұпайға ие Ұлыбритания командасы тұр.
Жерлестеріміз чемпионаттағы соңғы кездесуін бүгін Польша құрамасына қарсы өткізеді. Бұл ойын Астана уақыты бойынша сағат 16:30-да басталады.