Қазақстан құрамасының хоккейшілері британдарды ойсырата ұтты
Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан бірінші дивизиондағы Әлем чемпионатының екінші турында Ұлыбритания командасын 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Матчтың бірінші кезеңін қарсыластар тең есеппен аяқтады. Бірінші болып кездесудің үшінші минутында ұлыбританиялық Люк Феррар көзге түсті. Дегенмен, бұдан кейін қазақстандық хоккейшілердің ғана қанжығасы майланды. Кездесудің 15-ші минутында Дмитрий Гренц таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде қазақстандықтар тағы екі мәрте қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Бұл шайбалардың авторлары Антон Сагадеев пен Роман Старченко болды.
Хоккейшілеріміз үшінші кезеңде де қарқынын бәсеңдетпей, қарсылас қақпасына тағы үш шайба соға алды. Алдымен Роман Старченко дубль авторы атанса, артынша Никита Михайлис пен Әлихан Әсетов бір-бір мәрте көзге түсіп, есепті 6:1-ге жеткізді.
Осы жеңісінен кейін Қазақстан құрамасы алты ұпаймен чемпионаттың көшін бастады. Кеше жерлестеріміз Италия құрамасымен кезекті кездесуін өткізді.
Естеріңізге салайық, чемпионаттың шымылдықашар матчында Мажарстан хоккейшілерімен шеберлік байқасқан қазақстандықтар 3:0 есебімен сенімді жеңіске жеткен болатын. Айта кетейік, бірінші дивизионда алғашқы екі орынға ие болған құрамалар келесі жылдан элиталық дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болмақ.