Қазақстан құрамасы Италиядан ірі есеппен жеңілді
Қазақстан Италияға жол берді. Хоккейден Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан бірінші дивизион командалары арасындағы Әлем чемпионатының үшінші турында отандастарымыз 0:3 есебімен жеңіліс тапты.
Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері үшін италиялықтар осы турнирдегі басты қарсыластарының бірі болатын. Матчты қарқынды бастаған апенниндіктер бірінші кезеңде 2:0 есебімен алға шықты. Гол авторлары Петер Хоккофлер мен Диего Костнер болды. Екінші кезеңде Шон Макмонагл есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл есеп кездесудің соңына дейін өзгерген жоқ.
Осылайша 3:0 есебімен жеңіске жеткен Италия хоккейшілері турнир кестесінде қазақстандықтарды қуып жетті. Енді олардың еншісінде де алты ұпай бар.
Естеріңізге салайық, бұған дейін чемпионат аясында екі кездесу өткізген біздің құрама оның екеуінде де қарсыластарынан ірі есеппен басым түскен болатын.
Енді элиталық дивизионға берілетін екі жолдаманың біріне ие болу үшін қазақстандықтарға қалған екі кездесуде ұпай жоғалпау қажет. Жерлестеріміз 27 сәуір күні Словениямен, ал 28 сәуірде Польша құрамасымен шеберлік байқасады.