KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
494.95 525.49 5.05

Өскемендегі ойын-сауық кешендері мен сауда орталықтары қаншалықты қауіпсіз?

29.03.2018, 06:48 206

Ресейдің  Кемерово  қаласында болған қайғылы жағдай қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. «Зимняя вишня»  сауда орталығында көз жұмғандардың саны 64 адамға жетті, оның 41-і балалар. Қаза болғандардың отбасыларына  және Ресей Федерациясының Президенті  Владимир Путинге  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та қайғырып көңіл айтты. Бұл қайғылы жағдайдан  кейін ел тұрғындары сауда орындарының қауіпсіздігі туралы ойлана бастады.


Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев: «Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз керек. Қазірдің өзінде бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Блогерлер өздерінің бастамасымен сауда орталықтарына барып, есіктердің ашық-жабық екенін тексеріп жүр. Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеріс жүргізіп, тиісті шараларды қолға алуы қажет», - деді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне және өртке қарсы қызметтерге әкімдермен бірлесіп сауда орталықтарына тексеру жүргізіп, қажетті шараларды қабылдау туралы тапсырма берілді.


-Елімізде барлығы 1151 ірі сауда орталығы бар. Олардың барлығын да 2018 жылы тексеру жоспарланған. Ол екі жартыжылдыққа бөлінген. Барлығы да тексерілетін болады. Мұндай қайғылы оқиғаны ескере отырып, аумақтық органдарға арналған нұсқаулыққа қол қойылды. Онда өртті анықтау жүйесінің жай-күйіне, қауіпсіздікті кешенді қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аудару көзделген,- деп атап өтті ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.

Облыс орталығы Өскемен қаласында бірнеше бағытта қызмет көрсететін ойын-сауық  кешендері саусақпен санарлық. Солардың бірнешеуінің басшыларын сөзге тартып, ғимараттарда  қауіпсіздік ережелері қаншалықты сақталған деген сауалдар қойған болатынбыз.


Өкінішке қарай,  жастардың ең көп шоғырланатын орындарының бірі – «Юбилейный» кинотеатрының босағасынан қайттық. Осыдан елу жыл бұрын бой көтерген ғимарат соңғы жылдардағы жаңғырту жұмыстарынан кейін қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарына айналған еді. Кинотеатрдың алты залының сеансын бір сәтке тоқтатпайтын қалалықтар  үшін ғимаратта өрт қаупінің алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылған деген  сауалымызға ғимарат иесі, «Мунира» ЖШС басшысы Мунира Ягудина жауап беруден бас тартты.



Облыс орталығындағы заманауи үлгіде салынған ең үлкен сауда орталығы «Император»  кешеніне де бас сұқтық. Біз барған күні «Император» сауда кешенінде өрт қауіпсіздігі құрылғыларын тексеру мақсатында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп жатты. Кешеннің иесі, «Фирма НКГ»  ЖШС директоры С.Коротиннің айтуынша, кешен толықтай өртке қарсы құрылғылармен жабдықталған, орынды жалға алған  саудагерлер өрт қауіпсіздігі ережелерімен түгелдей таныс.


-Кешен өрт кезінде автоматты түрде дабыл қағатын құрылғымен жабдықталған. Арнайы ұйым   өрт сөндіру құрылғылары мен жүйені ай сайын кесте бойынша тексеріп отырады. Ғимарат өрт сөндіруге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген,  барлық талаптарға сай 22 шкаф бар. Қауіпсіздік мәселесі біздің сауда орнында бірінші кезекке қойылған,-деп сендірді бізді ғимарат иесі.

P.S. Материалды дайындау барысында «облыстағы  сауда орталықтарында  өрт қауіпсіздігі ережелері қаншалықты сақталған?»  деген сауалмен тиісті орындарға, өңірдің ірі сауда кешендеріне газет редакциясы атынан ресми хат жолданған болатын. Алдағы уақытта редакция осы мәселені назарында ұстамақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу