KZ
Өскемен
-12°
туман жел 1 м/с, С
494.95 525.49 5.05

«Таңғы шұғыла» халықаралық бәйгесінен олжалы оралды

27.02.2018, 09:06 189

Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын оқушылар   мектеп бағдарламасымен қатар өнерге де ден қойған.  Болашақты іргесін бүгіннен қалап келе жатқан білім ошағында шәкірттің рухани - мәдени дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Мектепішілік түрлі үйірмелер үздіксіз жұмыс жасап, әр баланың қарым–қабілетіне қарай тасада жатқан талантының жарқырап көрінуіне күш салып келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз.


- Көптеген адамдар біздің мектептің атауына қарап оқушыларды біліммен ғана қаруландырады деген жансақ пікірде, - деді музыкалық көркемдік жетекші Руслан Қасенов,- бұл жайында ара-тұра естіп қаламын. Алайда бұл үлкен қателік. Өйткені, біз алдымызға келген оқушыға озық үлгідегі білім берумен қатар оның тұлғалық дамуына да ерекше назар аударамыз. Мысалы, соңғы 7 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс жасап келе жатқан «STAR» вокалдық клубы талай әншінің мектеп қабырғасында жүріп –ақ танылуына жол ашты. Біз Өскемен қаласында өткен аталмыш сайысқа алғаш рет қатыстық. Соған қарамастан айымыз оңынан туып, жүлделі оралдық. Ендігі меже – осы деңгейден түспеу.

Руслан Қасеновтың сөзіне сүйенсек, жуырда осы студияның Айдана Жалелова, Алтыния Ғазизова, Малика Жантасова, Даяна Мақұлбаева есімді шәкірттері «Таңғы Шұғыла» шығармашылық фестивалінің аясында өткізілген «Зимний звездопад» халықаралық сайысында түрлі аталымдар бойынша жеңіске жетіп, мектеп абыройын асырыпты.


- Әнге жаны құмар болашақ жарық жұлдыздардың басын қосып, оларға сыйқырға толы сазды әуенннің сан түрлі сырларын үйретуде «STAR» вокалдық студиясының атқарып отырған жұмысы мақтауға тұрарлық,-деді бізбен әңгімелескен  Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Ермек Исабаев,-студия тәрбиеленушілері қалалық, облыстық, республикалық ән байқауларды айтпағанда, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр.

Руслан Қасеновтың айтуынша, ән әлемінде жаңа таланттардың танылауына жол ашып, музыка мәдениеті мен өнерінің дамуын басшылыққа алған халықаралық байқау «Таңғы Шұғыла» шығармашылық фестивалі екі күнге созылып, оған 3-50 жас аралығындағы әуесқой әншілер қатысқан. Жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген үміткерлер вокал, би, актерлік шеберлік, аспаптағы шығармашылық, көркем сурет, хор, киім үлгілері аталымдары бойынша «Кім үздікті?» анықтапты.



Сайыс шарты бойынша шынайы дауыста ән шырқаған семейлік өнерпаздардың арасынан Айдана Жалелова «Эстрадалық вокал», Алтыния Ғазизова «Классикалық ән», Малика Жантасова «Заманауи вокал» аталымдары бойынша Гран-при жүлдегерлері атанған.  Мектептің  8-ші сыныбында оқитын өнерлі қыздар арнайы мақтау қағаздары мен Кубокке ие болды. Ал 7-ші сынып оқитын тағы бір үміткер Даяна Мақұлбаева  10-12 жас аралығындағы «Эстрадалық вокал» аталымында  1-ші орынға ие болып, мақтау қағазы мен алтын медальмен марапатталды. Осы дарынды балалардың талантын ұштап, шығармашылық тұлғаны дамыту саласындағы толағай табысы мен қажырлы еңбегі үшін жетекшілері Руслан Қасенов ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат алған.


Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Ермек Исабаевтың айтуынша,  ежелден ән мен жырға құмар, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің кіл мықтылары дүниеге келген қасиетті топырақта олардың ізін жалғастырушылардың  зияткерлік мектебінен шығуы, осындағы білім мен тәрбиенің қатар сәтті жүргізіліп келе жатқандығының куәсіндей.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу