KZ
Өскемен
-7°
ясно жел 1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Алексей Полторанин Словенияда топ жарды

24.01.2018, 08:45 179

Алексей Полторанин тағы да үздіктер қатарында. Шаңғы жарысынан Словенияның Планица өңірінде өткен Әлем кубогы кезеңінде 15 шақырымдық қашықтықты классикалық әдіспен бәрінен жылдам жүгіріп өткен жерлесіміз алтыннан алқа тағып, жалпы есептегі жағдайын біршама жақсартып алды.


Риддерлік шаңғышы аталған дистанцияны еңсеруге 36 минут 54 секунд жұмсағанын айта кеткен орынды. Жүлде үшін таласта Полторанин азулы қарсыластар норвегиялық   Йоханнес Хесфлот Клэбо (нәтижесі 37 минут 07 секунд)   мен швециялық Калле Хальварссоннан (37 минут 37 секунд) басым түсті.


Естеріңізге салайық, Алексей Полторанин бұған дейін Италияның Тоблах, сондай-ақ Швейцарияның Ленцерхайде қалаларында өткен Әлем кубогы кезеңдерінде сәйкесінше үшінші және екінші орындардан көрінген болатын. Сонымен қатар ол Италияның Валь-ди-Фьемме өңірінде ұйымдастырылған «Тур де Ски» көпкүндік шаңғы жарысы кезеңінің жеңімпазы атанған. Бір айта кетерлігі, Алексей жүлденің барлығын дерлік 15 шақырымдық сайыстарда жеңіп алған-ды. Демек, бұл Полтораниннің оң жанбасынан келетін қашықтық деген тұжырым жасауға болады.


Осылайша, жерлесіміз 12 кезеңнен кейін Әлем кубогы жарысының жалпы есебінде 556 ұпаймен сегізінші орында орналасуда. Ал көш басында 875 ұпай жинаған норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю тұр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив