Германиядағы сәтсіздік
Германияның Оберхоф қаласында өткен биатлоннан Әлем кубогының кезекті, төртінші кезеңі шығысқазақстандық спортшылар үшін сәтсіз аяқталды.
Қыздар арасындағы жеті жарым шақырымдық спринттік жарыста сынға түскен Галина Вишневская мен Ольга Полторанина басқа қарсыластарын қойып, өз командаластары Алина Райкова және Дарья Климинадан да қалып қойды. Вишневская тіпті қазақстандық спортшылар арасында ең төменгі көрсеткіш көрсетті. Нысананы көздеу барысында үш рет мүлт кеткен Галина алдағы із қуалап жүгіру сайысына іріктеуден өте алмай қалды. 91 спортшының арасында бар болғаны 70-ші нәтиже (сайыста топ жарған словакиялық Анастасия Кузьминадан үш минутқа қалып қойды) көрсеткен семейлік биатлоншы енді әріптестеріне жанкүйер болмақ.
Тағы бір жерлесіміз, риддерлік Ольга Полторанина нысананы көздеуде бір-ақ рет қателік жібергенімен, нәтижесінде жарысты 49-шы болып аяқтады.
Ольганың жұбайы Алексей Полторанин дәл осы күндері Германияның Оберстдорф өңірінде өтіп жатқан «Тур де Ски» шаңғы додасында сынға түскенін айта кеткен абзал. Өкінішке қарай, еркін стильдегі 15 шақырымдық масс-стартта өнер көрсеткен Алексей де үздіктер қатарынан көріне алмады. Бұл жолы мәре сызығын 26-шы болып кескен жерлесіміз жарыс жеңімпазы атанған норвегиялық Эмиль Иверсеннен 10,3 секундқа қалып қойды.