Жаңа жылда ереже де жаңа болады
2017 жылдың 11 қарашасынан бастап елімізде жаңа жол жүру ережелері күшіне енген болатын. Алайда сол уақыттан бері құқық қорғау органдары қызметкерлері жаңа ережелерге үйрене алмай жатқан жүргізушілердің жіберген ағаттықтарына түсіністікпен қарап, оларға айыппұл салудың орнына ауызша ескерту жасаумен шектеліп келген. Дегенмен, жаңа жылдан бастап бұл жеңілдіктердің де уақыты аяқталмақ.
Оқырман назарына 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін сол өзгерістер мен жаңа терминдердің негізгілерін ұсынып отырмыз.
Ең алдымен, темір тұлпарды тоқтатқан жол сақшысы бірден көлікке жақындап, жүргізушінің талабы бойынша қызметтік құжатын көрсетуге міндеттеледі. Әрі қарай көлікті тоқтатудың себебін түсіндіруі тиіс. Ереже бұзылған жағдайда оны растайтын дәлелдер келтіруі қажет. Естеріңізде болса, бұрынғы нұсқада полиция қызметкерінің тоқтатылған автокөлікке бірден жақындауы керек екені айқындалмаған болатын. Айтпақшы, енді жүргізушілерге жол инспекторларының іс-әрекетін бейнекамераға түсіруіне заң жүзінде рұқсат етіледі.
Сондай-ақ дәрі ішіп немесе мас күйде жүргендерге, ауру халдегі адамдарға, өзімен бірге куәлігі жоқтарға (жүргізуші куәлігінің орнына берілетін уақытша куәлік, жүргізушінің өзі екенін растайтын құжат) және жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға көлік тізгінін беруге тыйым салынады.
Тағы бір жаңалық, өзгелерге қауіпсіз әрі жол қозғалысына кедергі келтірмейтін жағдайда көліктің артқа жүруіне болады. Алайда, көше қиылысында және айналатын жолда мұндай әрекет жасауға рұқсат етілмейді.
Велосипед жолы немесе жолағы жоқ жерлерде мопед (16 жастан жоғары) пен велосипед жүргізушілеріне (14 жастан жоғары) жолдың оң жақ бөлігінің шетімен қозғалуға болады, сондай-ақ оларға маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүруге де рұқсат етілгенін айта кеткен орынды.
Өзгертулерге сәйкес, бұдан былай көлікке шегелі дөңгелек салынғанын білдіретін «Ш» белгісін жапсыру міндетті емес.
Өзгертіліп, толықтырылған ережелерде, сонымен қатар, «Алдын орау», «Іргелес аумақ» сияқты бірнеше жаңа термин мен «Кептеліс», «Бақылау», «Қауіпті жол жиегі», «Түрлі қозғалыс жолақтарындағы міндетті ең төменгі жылдамдық», «Маршруттық көлік құралының түрі», «Жол қозғалысы туралы ақпарат тарататын радиостанцияны қабылдау аймағы», «Апатты жағдайда тоқтауға арналған алаң», «Елді мекенді аймақтың басталуы», «Жолақ бойынша жүру бағыты» сияқты бұрын кездеспеген жол белгілері пайда болған-ды.