KZ
Өскемен
+8°
небольшой дождь жел 4 м/с, Ю
485.11 523.82 5.02

«Үржар колледжінде» өткен стенд-моб іскерлік қадамға бастайды

20.12.2017, 04:37 186

Мамандық таңдау- өмірдегі күрделі шешімнің бірі. Облыстық білім басқармасының бастамасымен «Менің мамандығым-ел өркендеуінің кепілі» акциясының аясында Таскескендегі «Үржар колледжінде» мектеп түлектеріне болашақ мамандықты таңдауға бағыт-бағдар сілтеуді көздейтін стенд-моб шарасы ұйымдастырылды. Аталмыш шараға аудан мектептерінің 9-11 сынып оқушылары шақырылды.


Кездесуде аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова,Қоңыршәулі ауылдық округінің әкімі Азади Жүнісов, облыстық Кәсіпкерлер Палатасы Үржар аудандық филиалының директоры Тоқтар Ысқақұлы, «Үржар колледжінің» директоры Қанағат Чарахметов, жұмыспен қамту орталығының бас маманы А.Кашимбаевалар жастарға арнап сөз сөйледі. Сондай-ақ, еңбек ардагерлері, ауыл ақсақалдары жас өркендер үшін мамандық таңдаудың аса жауапты кезең екендігіне тоқталды. Заман талабына сай қазіргі уақытта кәсіптік-техникалық, жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артып отырғаны тілге тиек болды. Арнайы шақырылған Таскескен ауылының ақсақалдары, «Еңбек Қызыл Ту», «Даңқ» ордендерінің иегерлері атақты шопан, механизатор болған, адал еңбектің арқасында сонау Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысушылар, еңбек ардагерлері Қасен Жұмағұлов, Қабдырахым Ахметжанов аталар қатысушыларға өз еңбек жолдары жайында баяндады. Қарапайым жұмысшы мамандығының арқасында өз қатарластарының алды болғандарын, қазіргі күнде еңбектерінің зейнеттерін көріп отырғандарын айтты. Жұмысшы мамандығынан қашпай,қоғамымызға қажетті, маман тапшылығы сезініп отырған кәсіптік-техникалық салаға баруға кеңес берді.


Ауданның 21 мектебінен келген 321 оқушы мен колледж студенттеріне облыстың 2 жоғары оқу орны мен 10 колледжден келген мамандар өз оқу орындары жайында толыққанды мағлұмат берді. Мәдениет үйінің холлында орналасқан оқу орындары жайында ақпарат беретін мобилды стендтер таныстырылып, таратпа материалдар үлестірілді.Бұл жерде болашақ талапкерлер оқу орындарының қызметімен және сұранысқа ие мамандықтармен егжей-тегжейлі танысты. Айта кетерлігі, «Үржар колледжі» КММ-нің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының оқу-өндіріс шеберлері мен студенттері дайындаған көрме келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Таскескен ауылындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылған іс-шараға аудан өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды.


Жалпы, «Үржар колледжі» облыстық білім басқармасының бастамасымен «Менің мамандығым-ел өркендеуінің кепілі» атты стенд-мобты биыл екінші рет өткізіп отыр.Жоғары деңгейде өткен іс-шараның нәтижесінде биыл да колледжге келуші түлектердің саны артады деген үміттеміз.



-ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда:өсім,реформалар, даму» атты Жолдауындағы «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру -2017» жобасы мен ҚР Үкіметінің 29 желтоқсан 2016 жылғы № 919 қаулысына сәйкес нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында елімізде аймақ экономикасына қажетті техникалық және кәсіптік білімді мамандарды даярлау мәселесі қолға алынып отыр. Яғни, кәсіптік-техникалық мамандықтарды жаппай насихаттау мәселесіне ерекше көңіл бөліне бастады. Бүгінгі Таскескен ауылындағы «Үржар колледжінде» өтіп отырған шара соның бір жарқын көрінісі десе, болады,-дейді колледж директоры Қанағат Чарахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив