KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Жаңа жылды қарызбен қарсы алатын болды

8.12.2017, 04:58 160

Өскемен қаласының тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды шығарушы коммуналдық қызметтерге 66 миллион теңге берешек болып, жаңа жылды қарызбен қарсы алғалы отыр.


Қала үйлерінің ауласындағы қалдық тастайтын контейнерлер лық толып, қоқыстардың жерде жайрап жатқанын күн сайын көріп жүрген тұрғындар Өскеменнің қалдықтар шашылған қалаға айналып бара жатқанын айтып жүр. Қалдық шығарушы коммуналдық шаруашылықтар болса бұл жағдайға тұрғындардың өздері жол беріп отырғанын көлденең тартып отыр. Статистикалық деректер бойынша Өскемен қаласында 339 000 адам тұратыны тіркелсе, «Өскемен СпецКоммунТранс» ЖШС не -94 000, «Өскемен тазалық» ЖШС не- 92 000 мың адам ғана есепке тұрып, шығарылатын қалдықтарға коммуналдық қызмет ақысын төлеп келеді.



-Біз әділет департаментіне, халыққа қызмет көрсету орталығына, қалалық ІІБ-на, тіпті басқа коммуналдық қызмет көрсетушілерге өтініш жасап, пәтерлерде тұрып жатқандардың саны туралы нақты мәліметтер алуға тырысып келе жатқанымызбен, онымыздан түк шықпай отыр. Барлығынан естігеніміз бір-ақ жауап: тұрғындардың жеке басы туралы ақпараттар жария етуге жатпайды. Бұрын біздің заңгерлеріміз пәтерде тұрып жатқандардың тізімін халыққа қызмет көрсету орталығынан берілетін №2-ші үлгі негізінде алып, тұрғындардың нақтылы санын осы құжат арқылы анықтайтын. Қазір ол құжатты алуға тыйым салынған,-дейді «Өскемен –Тазалық» ЖШС директорының орынбасары Зинаида Рахымжанова.


Қазіргі күні тұрғындар қалдықтарды шығарушы кәсіпорындардың қызметіне төленетін коммуналдық төлемдерді де мерзімінде төлемей отыр, қалалықтардың қызмет көрсетушілер алдындағы қарызы 66 миллион теңгеге жеткен. Экологиялық қауіпсіздік орталығының мамандары тұрғындардың "Өскемен СпецКоммунТранс" ЖШС алдындағы қарызы 30 миллион тенгеге, "Өскемен-Тазалық" ЖШС алдындағы берешектері 36 миллионға жеткенін айтады.



-Бір кездері пәтерде тұратындардың саны тұрғын үй кітапшасында жазылып, тұрғындарды тіркеу, олардан қызмет көрсету ақысын алу сол кітапша бойынша жүргізілетін. Қазір мекенжай анықтамасы арқылы тіркелінеді, ол анықтама бір адамға ғана әкелінеді, сондықтан біз ол мекенжайда қанша адам тіркелгені туралы мәлімет ала алмай келеміз. Борышкерлерді сотқа беру үшін олардың ЖСН –і (ИИН) қажет. Онсыз сотта іс қаралмайды. Бұл мәліметтер де құпия болып саналатындықтан, бізде жоқ. Әрине, борышкерлердің өзі оны бізге бермейді. Ыстық суға, жарыққа қарыз болғандарды бұл қызметтерден ажыратып тастап, күштеп төлеттіруге болады. Ал, тұрмыстық қалдықтар бойынша ондай мүмкіндік жоқ. Осылайша қазір бізде қарыздарды қайтартудың ешқандай тетігі болмай, шарасыз күйде отырмыз,- дейді "Өскемен СпецКоммунТранс" ЖШС директорының орынбасары Жұпар Кожахметова.


Қолданыстағы заңдылықтар бойынша жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар қалдық шығарушы кәсіпорындармен келісім-шарт жасамауына болады. Алайда, арнайы қызмет көрсетушімен шартқа отырмағандар қалдықтарды аулаларда тұрған контейнерлерге, қаланың айналасына, көрінген жерге апарып төгуде.



-Қазір біз әрбір тұрғынды қалдық шығарушы кәсіпорынмен келісім-шарт жасатуға міндеттей алмаймыз, бұған заңмен тыйым салынған. Бірақ, біз алдағы уақытта тұрғындардан өздерінің тұрмыстық қалдықтарын арнайы полигондарға төккендігі туралы құжат талап ететін боламыз. Біз мұндай шартты енгізу қажеттігін «Қалалар мен елді мекендердің аумағын көріктендіру, жасыл желектерді сақтау мен қорғаудың тәртібі» қаралатын облыстық мәслихат сессиясында қарауға ұсынып отырмыз,- дейді экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Юрий Кудинов.

 


Ал, әзірше коммуналдық мекемелер қала әкімінен мәселені шешуге көмектесуді өтініп, үндеу жолдап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив